Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Мемлекет басшысы индустриялық нысандарды аралады

AstanaTV
30.06.2016ж. 20:00
2405
Мемлекет басшысы индустриялық нысандарды аралады

Қазақстанда тұрғын үйлердің құрылысы жылдам, пойыздары жедел, сырттан келген тауарлардың кедендік рәсімі санаулы минуттарда жасалады. Бүгін мемлекет басшысы елдің индустрияландыру бағдарламасының жарты жылын қорытындылады. Алты айдың ішінде, бұрын кеденде бірнеше күн бойы рәсімделетін тауарлар енді 47 минутқа дейін жеделдетіліп, 16 қабат үйді 6 айда салуға қауқарлы зауыт іске қосылды. Жолаушылар үшін де жағымды жаңалық бар. Тальго вагондарының іші кеңіп, сапасы артпақ. Президентпен бірге кәсіпорындарды әріптесім Азамат Алдоңғаров аралап қайтты.

Құрлықтағы ең ірі көлік-логистикалық хаб болуды көздеп отырған Қазақстан келген тауарларын қас қағым сәтте рәсімдеуге тағы бір нық қадам жасады. Орталық Азия мен Сібірдегі ең үлкен көлік-логистикалық орталығы жанында «Астана кедендік рәсімдеу» пункті іске қосылған. Оның арқасында бұрын Астанада үш күндетіп құжаттарын күтіп жататын саудагерлер, жүк түюлі бір көлігін 47-ақ минутта рәсімдей алады. Қазір орталық күніне 25 фура қабылдаса, болашақта 120 көлік өткізуді көздеп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Я везде говорю, везде выступаю, что у нас исключительные условия для бизнеса. Мы хорошо обслуживаем вас, мы не задерживаем вас на границе и создаем вам льготы, люди должны увидеть, что это так.

Қазір орталық қуатының 70 пайызына жұмыс істеп тұр. Мамандардың сөзінше, болашақта Қытайдан келетін керуеннің бір бөлігі осы орталықта рәсімделмек.

Дәулет Ерғожин, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы:

Қазіргі уақытта Астанаға келген бүкіл тауардың айналымы 3 млрд долларды құрып отыр. Бірақ біздің жоспарымыз бойынша оны 20-25 пайызға үлкейтуге жұмыс істейміз.

Осылайша салықтық табыстан елорда бюджеті артып, триллион табысы бар қос шаһардың қатарын толықтырады. Бұл жоба ел қазынасынан бір тиын да сұрамай, мемлекеттік-жеке серіктестік қаржысына салынған.

Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ үй салу комбинаты. Аталмыш зауыт бір қабатты бір күнде көтеріп, 16 қабатты үйдің кілтін алты-ақ айда қолыңызға береміз деп жарнама жасайды. 8 цехы бар зауыт, кезең-кезеңімен мәреде дайын үйдің қабырғасын құйып шығады.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Өндірістің бірінші кезеңіне панельдердің қаңқасы инженерлік жүйелерімен дайын күйінде шығады. Келесі цехте оның екі жағы бетоннан құйылып, ортасына арнайы жылу жібермейтін материал орнатылады. Үшінші цехте оның терезелері орнатылып, дап-дайын күйінде шығады. Және бұл панельдердің бір ерекшелігі - оның ішкі қабырғаларын ерекше әрлемей-ақ, бірден тұсқағаз жапсыра беруге болады.

Комбинат толық қуатында жылына 250 мың шаршы метр үй сала алады. Оның келесі маңызды жетістігі, құрылыста қолданған материалдың 87 пайызы отандық. Зауыт басшысының сөзінше, жоғары сапаға қарамастан, соңғы өнімнің құнын қалта көтереді.

Жанна Бектемірова, «GLB» үй салу комбинатының бас директоры:

Біздің бағалар «Нұр жол» бағдарламасының тұрғын үйлер құнына сәйкес. Шаршы метрі 200 мың теңгеден үй сала аламыз. Және сапа жаңа деңгейге шығып отыр.

Бұдан кейін мемлекет басшысы бастаған шенділер сол жағалауда олимпиадалық су спорты орталығын ашты. Президентке орталықты таныстыру міндетін құзырлы министр өз мойнына алыпты. Суда балықтай тулаған спортшылардың өнерін сәл тамашалап, делегация соңғы нысанды бетке алды. Көпке танымал «Тальго тұлпар» зауытының да жаңалығы бар. Түбі испан, тегі қазақ вагондардың тарлығын айтқан көптің шағымын ескерген мамандар тальголарды  25 сантиметрге кеңейтіп, 23 сантиметрге биіктетіпті. Ал әжетханалары екі есеге үлкейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің поездарымыз Қазақстанда 40, көп дегенде 60 километрмен жүретін, мыналар 160 км жылдамдықпен жүретін поездар. Қазір Қазақстанның көп өңірінде осы поезды жібердік. Жылдамдығы 100 км болды. Екі сеуетті. Адамдардың жол қатынасына беретін уақыты екі есе қысқарды. Бұл экономикаға өте пайдалы.

Яғни екі сеуетті дөңгелек арнайы темір жол салуды талап етпейді. Жолдың ыңғайына қарай бейімделе береді. Осы жылы оның алғашқы 149 вагоны жолға шығады. Асқар Мамин сөз арасында өнімге ирандықтар қызығушылық танытып жатқанын айтты. Төрт нысанды да «тәуір» деген мемлекет басшысы қыруар жұмысты атқарып отырған батырларды атады.

Асқар Мамин, темір жолды жүргізіп отырған тиісті азаматымыз. Әділбек Жақсыбеков қалада жүргенде осыны қарады, Әсет Исекешев индустрияны басқарғанда осының негізін салды. Сондықтан батырларымызды ұмытып кетпеңіздер жасап жатқан.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ