Елордада «Паралимпиадашы» фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл -паралимпиада туралы түсірілген Қазақстандағы алғашқы кино. Тіпті, әлемде бұл тақырыпта жалғыз фильм бар. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен таспаланған туынды 21 сәуірден бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.
Спортта жетістікке жету үшін зор табандылық керек. Ал мүмкіндігі шектеулі жанның олимпиада шыңын бағындыруы екі есе ерік-жігерді талап етеді. «Паралимпиадашы» фильмінің режиссері Алдияр Байракимовтың айтуынша, қоғамда ерекше спортшылардың жетістігіне жіті мән берілмейді. Сондықтан ол отандық параспортшылардың күреске толы өмір жолына өзгелердің назар аудартуды мақсат еткен.
Алдияр БАЙРАКИМОВ, «ПАРАЛИМПИАДАШЫ» ФИЛЬМІНІҢ БАС РЕЖИССЕРІ:
Қоғамда, БАҚ-та паралимпиада туралы өте аз айтылады, көпшілік параспортшыларымызды тани бермейді. Олар үнемі дәстүрлі олимпиаданың көлеңкесінде қалады. Сондықтан біздің команда бұл өзекті мәселеге үңіліп көрді. Фильмге кірісерде, үлгі алатындай ұқсас фильм таппадық. Бұл параспорттың қаншалықты қоғам назарынан тыс қалғанын дәлелдей түсті.
Александр Колядин 2018 жылы қысқы паралимпиада ойындарында шаңғы спортынан Қазақстанға алғашқы алтын әкелді. Кино авторларының айтуынша, оның шырғалаңға толы өмірі фильмге негіз болған. Кинода кәсіби актерлермен қатар паралимпиадашылар да бой көрсетеді. Туындының ұзақтығы - 120 минут. Әсерлілігі сонша, жабық көрсетілімге жиналған көрермендердің көбі көзіне жас алды.
БЛИЦ:
- Параолимпиада комитетіне барған кезде спортшыларымызға пандустың болмауының өзі бір ғана эпизод. Бірақ сол эпизодтың өзі елімізде болып жатқан қаншама болып жатқан проблемаларды көтерді. Жалпы фильмнің качествосы, жасалған еңбек жоғарғы дәрежеде.
- Сондай жылы эмоцияларға толы болды. Тіпті жанымда отырған ер азаматтар да көзіне жас алды. Өз-өзімізге сенім артудың маңыздылығын еске салды.
- Мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана емес, кез келген адамды шабыттандыратын фильм. Спорттың шекарасыз екенін көрсетті. Жас ұрпаққа сабақ болатын туынды.
Паралимпиада тарихында Қазақстан 8 медаль еншілеген. Токиода өткен соңғы ойында 5 бірдей спортшымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Фильм авторлары туынды талай параспортшыға шабыт сыйлайды деген үмітте.
А. Съезбек