$513 €541.16 ₽4.69
×

Павлодарда мектеп өртеніп, мұғалім ауруханаға түсті

AstanaTV
21.04.2022ж. 20:00
1673
Павлодарда мектеп өртеніп, мұғалім ауруханаға түсті

Павлодарда тағы бір мектеп өртенді. Физика пәнінің мұғалімі ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілді. Өрт сөндірушілер келгенше, оқу орнынан 600-ге жуық адам шығарылған.  Оның 542-сі- оқушы. Жалынды алдымен пән мұғалімі байқаған көрінеді. Ұстаздар дереу құзырлыларға хабар беріп, отты өздері өшірмек болып әрекеттеніпті. Бірақ, тілсіз жау дес бермеген.

Өрт 28-ші мектептің физика кабинетіндегі зертханада шыққан. Бастапқыда мұғалімдер қызыл жалынды өздері өшірмек болыпты. Алайда, лаулаған от күш бермеген. Салдарынан мектептің шатыры, кабинеттегі жиһаздар жанып кетті.

Гүлмира МАНТЫКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ №28 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сабақтың басталуына 2 минут қалғанда физика пәнінің мұғалімі маған келіп, зертханадан өрт шыққаны туралы хабарлады. Осы уақытта дабыл белгілері қосылды. Содан дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері келіп, өртті сөндіруге тырысты. Алайда, қызыл жалынды сөндіру мүмкін болмады. Сосын дереу балаларды қауіпсіз жерге шығардық.


Өрттің қатты болғаны соншалық өрт сөндірушілер қызыл жалынды тек 2 сағаттан кейін ғана ауыздықтады. Тілсіз жаудың жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құраған.

Қайрат ШАЙМАРДЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Өрттің жануы қатты қарқын алып кеткен. Сондықтан, ауыздықтауға біраз қиынға түсті.  Қызыл жалынды өшіруге қаланың барлық күш құрылымдары жұмылдырылды.  13 бірлік техника, 70 адам және 3 су тасушы көлік көмектесті.


Тілсіз жаудан физика пәнінің мұғалімі зардап шекті. Ол қазір ауруханада жатыр.

Нұрлан ЖҰМАЖАНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №1 АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:


Науқас бізге жедел жәрдеммен жеткізілді. Түскен кездегі жағдайы орташа ауыр болды. Алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, тиісті тексерулерден өтті. Қазір жағдайы қалыпты.  Тиісті ем дом қабылдайтын болады.


Айта кетейік, Павлодарда бір аптаның ішінде осымен екінші мектеп отқа оранды. 15 сәуір күні болған өрттен 5 оқушы зардап шеккен болатын.

Асхат АЙМАҒАНБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:


Мұның бірінші жағдай еместігін айту керек. Сондықтан біз барлық оқыту ұйымдарына толық тексеру жүргізуді тапсырдық. Себебі өртке қарсы шаралар сақталуы тиіс. Мектеп пайдалануға берілгенде, жөндеуден кейін және жаңа оқу жылы басталар алдында міндетті түрде актілер болуы керек. Сондықтан, менің ойымша, мұндай анықтамалар мен актілер болды, енді өрттің неден туындағанын білу үшін тергеу жүргізілетін болады.


Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Мектепте 1800 оқушы бар. Бүгін оларда сабақ болған жоқ. Ал ертең оқушылардың қайда барып, оқитыны беймәлім. Белгілісі жергілікті билік мәселені шешу бойынша шұғыл кеңес өткізуде.

Ө. Қуанар