$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оңтүстік Кореяда 29 жасар қазақстандық көз жұмды

AstanaTV
22.04.2022ж. 20:00
1965
Оңтүстік Кореяда 29 жасар қазақстандық көз жұмды

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандық  кенеттен көз жұмды. Бұл туралы  оның туыстары  хабарлады. Айтуынша, олар марқұмның денесін елге әкеле  алмай отыр.  Қыруар қаржы керек. Ал сыртқы істер министрлігі құжаттарды рәсімдеуге, мәйіт тасымалдайтын компанияны ғана тауып беруге көмектесетін көрінеді. Ал шығынды отбасы өзі өтеуі тиіс.  Бірақ, қарапайым жанұя қажетті ақшаны таба алмай отыр.

29 жастағы шымкенттік-Батыр Оспанов  жұмыс іздеп  4 жыл бұрын шетел асқан. Оңтүстік Кореяда қара жұмысшы боп еңбек етіп, отбасын асыраған.  Енді, әне-міне елге қайтам деп жүргенде, көз жұмыпты.

Жәнібек ТАҒАЕВ, БАТЫРДЫҢ ІНІСІ:

Құдай қаласа келемін бәрі жақсы болады, мына жақта 1-2 пландарым бар. Фирмалар соғамын, үйлер соғамын деп армандап жүретін. Жақында қайтамын деп жүрген еді, келемін деп.


Алдына айқын мақсат қойған жігіт қапияда көз жұмды. Артында   екі баласы мен әйелі қалды. Жұбайының  айтуынша, 10 күн бойы Батырдан хабар ала алмаған. Соңғы рет хабарласқанда, анасының ауыр халде жатқанын естіп, жүрегі мазалап жүргенін айтқан.

Замира ОСПАНОВА, БАТЫРДЫҢ ЖАРЫ:

Анасының хабарын айтып отыратынмын ғой, осылай осылай деп. Осының бәрі ауыр тиді себебі, алыста жүрген соң жүрегі қысылып, жұмысқа бара алмай жатқанын да.

Ал Оңтүстік Кореядан марқұмның денесін алдырту үшін біраз қаражат керек дейді. Кореядағы қазақстандық блогер Самат Ахметовтің айтуынша,  жергілікті полицияның алдын ала сараптамасы бойынша  Батыр жүрек талмасынан көз жұмған болуы мүмкін.   

Самат АХМЕТОВ, БЛОГЕР:

Оңтүстік Кореяда қайтыс болған шетел азаматтарын өз елдеріне жіберетін арнайы компаниялар бар. Бұл компания арнайы марқұмның денесін Қазақстанға жеткізу үшін 10 млн вон сұрап тұр Бұл Қазақстанның теңгесімен 3,5 млн теңге. Корея елінде заңсыз жүрген отандастарымыз. Осындай жағдайға тап болған кезде мемлекет тарапынан елшілік тарапынан ешқандай қаржылай көмек көрсетілмейді.


Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Сыртқы істер министрілігі, бұл мәселеден хабардар. Бірақ министрлік өкілдерінің айтуынша, мемлекет   тек құжат рәсімдеуге және  арнайы компанияларды табуға көмектеседі. Ал, мәйітті жеткізу  шығынын отбасы өзі көтереді.   Шетелге шығарда сақтандыру полисін ешкім жасағысы келмейді, Сондықтан осындай жағдай болады дейді.


Мыңдаған қазақстандық үшін Оңтүстік Корея тартымды еңбек нарығына айналған. Самат Ахметовтың айтуынша, бұған дейін, Кореяда күнкөріс қамымен  заңсыз жұмыс істеп жүріп, қаза тапқан  36 қазақстандықтың денесі елге жеткізіліпті.

Ә. Дүкембаева