Ресейлік «Альфа-Банк» отандық қаржы ұйымына кіргені рас па? "Каспий құбырының консорциумындағы" жағдай қалай? Мамандар құбырлардың жөндеу жұмыстарын қашан аяқтайды. Осы және өзгеде ақпараттар "Экономика жаңалықтарында"
«Альфа-Банк» отандық қаржы ұйымына айналды. ЦентрКредит Банкі оны сатып алды. Енді Альфа-Банк акционерлер құрамынан шығып, өз өкілдерін директорлар кеңесінен кері қайтарады. Банк осындай хабарлама таратты. Қос тарап арасындағы мәміле заңды түрде аяқталғанда «Альфа-Банк Қазақстанға» ребрендинг жүргізіледі. Осылайша ол толықтай қазақстандық банкке айналады. Сондай-ақ акционер клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерді орындау үшін банкті қосымша өтімділікпен қолдауға дайын екенін хабарлады. Еске салайық, қазақстандық Альфа-Банкке қатысты санкциялар 6 мамырда күшіне енетіні туралы айтылған. Соған байланысты қаржы ұйымы жаңа акционер іздеген. «Риск Тейкер» сарапшылары бұл мәміле ЦентрКредит Банкке болашақта капиталын ұлғайтуға мүмкіндік береді деп санайды.
Елімізде алтынға сұраныс артқан. Ұлттық банктің мәліметінше, өткен айда 8 мың 200-ден астам құйма алтын сатылған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есе көп. Мамандардың айтуынша, сұраныстың артуына нарықтағы тұрақсыздық пен валюта бағамының құбылмалығы әсер етіп отыр. Сатылым әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында жоғары.
"Каспий құбырының консорциумы" бірнеше күннен кейін іске қосылады.
Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаев мәлімдеді. Ол апатқа ұшыраған құбырларды көру үшін, оқиға орынына барды. Айтуынша, енді ірі отандық өндірістік компаниялардың толық қуатына шығу мүмкіндігі бар. Дегенмен құбырдың екіншісін жөндеу мүмкін болмай отыр дейді. Мамандар суға түсу үшін қолайлы ауа райын күтіп отырған көрінеді.
Данияр БЕРЛІБАЕВ, "ҚАЗМҰНАЙГАЗ" ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Зақымдалған құбырды тексердік. Мамандардың жедел әрекетінің арқасында, жағдай бақылауда. Әйтпеген жағдайда құбырдың бұзылуының соңы экологиялық апатқа әкелуі мүмкін еді.
Б. Сатуов