Түркістан облысында нөсер жауыннан 11 ауыл суда қалды. Саырағаш ауданында сай-салаға сіңбеген қызыл су аулаларға жиналып, салдарынан мал қырылды. Ал Кентау қаласында қатты дауыл шатырларды ұшырды. Табиғаттың тосын мінезінен тағы қандай залал келді? Аяқ астынан әбігерге түскен жұрттың қазіргі жайы қалай? Өңірдегі тілшіміз Айзада Төребекқызы жеткізеді.
Қырдан аққан қызыл су Қазығұрт ауданындағы 11 елдімекеннің халқын әбіржітті. Бар-жоғы жарты сағат құйған жауын дәл осылай жайпайды деп ойлаған жоқпыз дейді олар.
Сарапхана ауылының тұрғыны Ғазиза Батырханованың қолдағы малының тең жартысы арам қатқан. Іші удай ашиды. Өзінікі ғана емес, өзгенің де сеніп тапсырған қойы қырылған. Айтуынша, қораға жиналған судың тереңдігі сонша, ересек адамның көкірек тұсына дейін жеткен. Қанша тырысса да, уақ малды сыртқа шығарып үлгермепті.
Ғазиза БАТЫРХАНОВА, САРАПХАНА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жаңбыр жауды деген кезде қамап қойдық. Жаңбыр қойып қалған кезде су келді, су бірден келді су. 187сін үлгердік, 213 басын үлгере алмай қалдық, өліп жатыр.Тұншығып өлді. Бір- бірінің үстіне шығып.
Нұрғали Қоңыратбаевтың сөзінше, келген шығын 10 млн теңгеден асады. Көбі қозылы қой еді дейді.
Нұрғали ҚОҢЫРАТБАЕВ, ШАРУА:
Кішкентай көпір салды. Мына жерден заңсыз жол түскен, соның салдарынан. Мен шырылдағам, бүткіл аудан әкімді шақырып мен жолды салдырмаймын деп машинамды да қойып қойғанмын, жол салмайды бұл жерге деп, су басады деп. Мені тыңдамай көпір салды. Кішкентай көпір салған. Соған су симай міне соның кесірінен осындай жағдай болып жатыр.
Сарқырай аққан су қора-қопсы тұрмақ тойхана ішіне де кірді. Тойға жиналғандар жан сауғалап, үстелдің үстіне шығып кеткен.
Сайда орналасқан Жіңішке ауылының тұрғындарының айтуынша, мұндай жағдай тоқсаныншы жылдан бері осымен бесінші рет қайталанып тұрған көрінеді. Сонда да ешқандай қам жасалмай келеді дейді.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Аулаларға жиналған қызыл су түнде- ақ тартылғанмен, салдары міне, ми батпақ аяққа жабысып, тіпті жүру мүмкін емес. Қора жайға да кіре алмай қалдық деген тұрғындар әзірге өз беттерінше балшықты шығарып әлек. Айтуларынша, әзірге көмекке келген ешкім жоқ.
Нөсер жауын Жіңішке ауылының тұрғыны Меңілбай Жұбатовты да шығынға батырды. Оның он шақты қой-қозысы суға ағып кетіпті. Енді аман қалғанын қамайтын жер таппай тұрмын дейді.
Меңілбай ЖҰБАТОВ, ЖІҢІШКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Әкімшілікке бардым азанда бүгін. Насос береміз, мынаны шығарамыз деді. Біз КАМаз сұрадық. «Камазды береміз, соляркасын өздерің құясыңдар»,- деді. ол Камазы да жоқ, насос та жоқ, мына қолменен әрекет жасап жатырмын.
Сарыағаш ауданында да жағдай мәз емес. Түнімен аулалар судан тазартылған.
Нұрғали ЖҮНІСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:
Жалпы 53 үйдің ауласына, 18 үйге, 1 тойхана, 16 шаруашылық құрылыстың ішіне с кірген болатын. Су басқан аумақтардан 50 адам эвакуацияланған болатын кеше кешке. Эвакуацияланған адамдар өздерінің үйлеріне тұрғылықты қайтарылды.
Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Қазығұрт ауданында үш жүзден астам мал өлген. Оның шығыны есеп жүргізілген соң өтеледі. Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен жауын-шашынның салдарын жою бойынша арнайы комиссия жұмыс істеуде.
А. Төребекқызы