Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / “Ауыл -ел бесігі” жобасының 18% ғана орындалған, -А.Рау

“Ауыл -ел бесігі” жобасының 18% ғана орындалған, -А.Рау

Соңғы үш жылда "Ауыл-ел бесігі" жобасы  18 процентке ғана орындалған.  Мәжіліс депутаты Алберть Раудың айтуынша, бағдарламаны іске асырудың нақты жоспары жоқ. Сондықтан  ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда ешқандай серпін байқалмайды дейді. "Ауыл-ел бесігі" жобасында мұнан өзге де шикілік жетеді. Депутаттар ұлттық экономика министрін сынға алды.   Толығырақ Бекболат Сатуов айтады.

"Ауыл-ел бесігі"  жобасы бойынша атқарылған жұмыстарды Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров таныстырды. Оның сөзінше, былтыр  бағдарлама аясында 500-ге жуық ауыл-аймақ жаңғыртылған.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

2021 жылы «Ауыл – Ел бесігін» жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 126,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1 000-нан астам жоба жүзеге асырылып, 480 ауылдың инфрақұрылымы жаңғыртылды.

Министр жұмыс жүріп жатыр деп, сандарды сөйлете бастап еді, сынның астында қалды. Мәжіліс депутаты Альберт Раудың мәліметінше, бағдарламада кемшілік көп. Ауылдағы ағайынның жұмыссыздық деңгейі әлі күнге дейін көңіл көншітпейді дейді ол.

Альберт РАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ,"AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қалаға қарағанда ауылда жұмыссыздық деңгейі едәуір жоғары,  ауыл жастарына баса назар аударған жөн. Сондықтан  жастар көбіне жақсы өмір іздеп қалаға кетеді. Олардың кәсіби білім деңгейі жеткіліксіз және жақсы жұмысқа орналаса алмайды. Ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты және жұмыссыздарды тарту бойынша серпіліс пен айқын жоспарлар жоқ.

Ал мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев, үкімет сағатына жауапты министрлік еш дайындықсыз келген деді.  Оның сөзінше, ұлттық экономика министрі бюджетті толтырудан ары аса алмай отыр.

Ғалым ӘМІРЕЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ұлттық экономика министрлігі соңғы жылдары тек бюджеттің толтырылуымен, бюджеттен жіберіліп жатқан бюджетті бақылаумен айналысып кеткендей. Ұлттық экономика министрлігі тек жалпы экономикамен емес, сонымен қатар ауылдың экономикасымен де айналысуы керек.

Атқарылған жобалардың сапасына емес, санына ұмтылу керек дейді депутаттар.  Мысалы, аудандық аурухананы жөндеуге бөлінген бюджет қаражаты басқа жобаларға жұмсалғаны анықтаған. Сондай-ақ, экономикалық әлеуеті, дамыған инфрақұрылымы бар перспективалы ауылдар жобаға мүлдем енгізілмеген. Қысқасы, ауылдардың тағдыры   қағазбастылықпен шешіліп жатыр дейді. Көкейдегі сан сауалға  ауызша емес, жазбаша жауап бергісі келген министрге  депутаттардың көңілі толмады.

Жанарбек ӘШІМЖАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өмір ғұмырлы ауылға бармаған, министр ғой, көріп отырсыз.Бұл кеңсесінен, үкімет үйінен аттап шығып, барса осы Ақмоланың астананың маңайындағы бір-екі ауылды көрген шығар. Мына министрің мүлде кабинетінен шықпаған министр.

Жұмсалған қаржы қыруар, бірақ  іліп алар жұмыс аз. Осылай деген депутаттар, ауыл-аймақты дамыту жобасының  шикі екенін айтады. Сондықтан, оны әлі пісіру керек.

 Б. Сатуов