Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Атырауда балық қырғынына кінәлі «Атырау су арнасы» мекемесі сатылымға шығарылды

AstanaTV
26.04.2022ж. 20:00
1940
Атырауда балық қырғынына кінәлі «Атырау су арнасы» мекемесі сатылымға шығарылды

Атырауда балық қырғынына кінәлі «Атырау су арнасы» мекемесі  сатылымға шығарылды. 30 млрд теңге айыппұлы бар кәсіпорын жекешелендірудің  кешенді жоспарына сәйкес  бәсекелестік ортаға берілмек. Алайда шығыны шаш етек мекемені ешкім алғысы келмейді.  Аймақта  мұнан өзге де сенімгерлік басқаруға берілетін мекемелердің тізімі шықты.Бірақ, олардың кейбірінің басшылары мекеменің жекеге берілуіне қарсы. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Балық қырғынына кінәлі деп танылған «Атырау су арнасы» мекемесі бәсекелестік ортаға берілуі үшін 3 мәрте сатылмақшы болған.   Алғашқы құны 105 млн теңгеге бағаланса, кейін екі рет 50 пайызға түсірілген. Сонда да  қызығушылар жоқ. Кезінде аймақты ауыз сумен қамтамасыз еткен   ірі мекеменің теңгеріміндегі су ғимараттары, құбырлары мен  шаруашылықтары 2020 жылы жаңадан құрылған мекемеге өткен. Қазір  30 млрд  теңге айыппұлы бар.   

Серік ДЕМЕГЕНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Экологиялық департаменті тексеріп, заңнамаға сәйкес айыппұл салды. «Су арнасы» тарапынан біршама рет шағымданды. Алайда сот шешімі күшінде қалғасын ол мәселе солайымен, міндеттерімен саттыққа шығарылды. Теңгерімінде мүліктері бар: техникалар бар, тағы бір заттар бар. Оны кәсіпкер өзі қарап, саралап, жауабын айтады ғой. Біз оны пайдаға асады, аспайды деп бағасын бере алмаймыз.

Қарызға белшесінен батқан кәсіпорын банкрот деп танылып, таратылуы мүмкін. Кәсіпкерлер қызықпай отырған мекеме бір бұл ғана емес. Ресейдің  Железноводск қаласында орналасқан -  пансионат та сатылмақшы. Курорттық аймақта орналасқан емдеу-сауықтыру  орны 2011 жылы 49 жылға келісім-шартпен Атырау облысының меншігіне өткен.  Онда   әлеуметтік әлсіз отбасы балалары мен  мектеп-интернат, балалар үйінің  тәрбиеленушілері демалады. Ал өзгелер ақылы жолдамамен барады. Әу баста 3 млрд 600млн  теңгеге бағаланған мекеменің  құны да  кейін   екі мәрте 50 пайызға арзандаған. Пансионат тағдырына алаңдаған басшы  шипажайдың жекеге өткенін қаламайды.
 
Шолпан ЕСҚАЛИЕВА, ЕМДЕУ ПАНСИОНАТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Алға қарай Атырау облысы әкімдігі әлі де болса ойланып, Атырау облысының балалары  демалатын шипажайды алып қалады деген сенімдеміз. Себебі өңірдің  экологиямыз түсінікті ғой, әсіресе туберкулез контактный балалар, мектеп интернат балалары  саф таза ауа демалып, шипалы суын ішкеннен кейін балалар өзінің еліне өңірге  сауықтырылып қайтады ғой.
 
Аймақтағы 29 жасқа дейінгі жас отбасыларға  алғашқы төлемсіз және пайызсыз  баспана салатын  «Атырау Жас Отау» серіктестігі  де  биыл сатылады. Құрылыс компаниясы меншігіне өтсе, жастардың қалтасына қиын соға ма,- деп уайымдайды кәсіпорын директоры.

Әлімжан ДАБЫСОВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Қазір біздерде средства бар бюджетте. Бірақ жер проблема ғой. Күтіп жатырмыз. Ертең жекеге сатса,  бәсекелестік орта болады ғой.  Олар тап сондай құрылыс компанияларымен жасайтын шығар.

Жалпы Үкіметтің  4 жылдық жекешелендіру  жоспарына сәйкес облыста 10 ұйым сатылу жоспарланған. Әзірге бәсекелестік ортаға берілгені - 3-еу. Әкімдіктегілер кезінде жоспарға енген халықты ауыз сумен қамтитын мекемелер мен халықаралық әуежай акцияларын сатпай, мемлекет меншігіне алып қалуды көздеп отыр.

Б. Надірқызы