$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Конституцияға енгізілетін реформалар қоғамда қызу талқылануда

AstanaTV
27.04.2022ж. 20:00
984
Конституцияға енгізілетін реформалар қоғамда қызу талқылануда

Конституцияның 33 бабына  56 түзету енгізілмек. Іргелі реформалар  жайлы қоғамда  қызу талқылау жүріп жатыр. Өзгерістер азаматтардың жеке бас құқығынан мемлекеттің саяси басқару жүйесіне дейінгі тармақты  қамтиды. Енгізілетін түзетулерге қатысты сарапшылардың пікірі қандай?    Айсәуле Съезбектің материалы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттің кейбір өкілеттігін дер кезінде жойып отыр. Саясаттанушы Мұхит Асанбаев осылай дейді. Оның айтуынша, бір адамның қолына барлық құзіретті шоғырландыруға болмайды.

Мұхит АСАНБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:  

Бұл әрине, суперпрезиденттік жүйенің қазіргі кезде өзектілігінен айырылғандығының айғағы. Жалпы қоғам бұны құптап отыр. Мәселен, республикалық деңгейдегі қалалар әкімінің, облыс әкімдерінің жарлықтарын кері қайтара алмайтындай және де райондық деңгейдегі әкімдерді орнынан алып-алмау деген мәселеге араласпауы - қомақты өзгерістер. Бұл саяси жүйенің сабақтастықпен  ілгері дамуына әкелуі ықтимал.  

Ал президенттің жақын туыстарының саяси лауазымға тағайындалмауы – сыбайлас жемқорлыққа нағыз тосқауыл.  Бұл - Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиеваның пікірі.  Заң күшіне енсе, барлық деңгейде лайықты мамандардың   өрлеуіне жол ашылар еді дейді ол.

Бану НҰРҒАЗИЕВА, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
 
Біз  өзіміз айтамыз ғой балық басынан шіриді деп. Сондай жағдайға бармау үшін президент өзінен бастап таза, әділетті сақтайтын әділ басшы болуы керек. Сонда ғана мен енді ойлаймын халық сенеді, ал сенім бар жерде жұмыс та болады, басқасы да болады.

Конституциялық кеңестің орнына конституциялық соттың құрылуы -азаматтардың құқығын қорғаудағы ең қажетті қадам. Өйткені қоғам мен мемлекет арасында заң қайшылықтарына қатысты арыз-шағымға бұған дейін соттар бұғат жасап келді, - дейді конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасулов.

Ермек ӘБДІРАСУЛОВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:  


Адам ойлайды мына заң конституциялық заңға қайшы келіп тұр, мысалы, енді оны айтайын десе, сот ешқандай қайшылық жоқ деп шығара береді заңмен. Адам ешқандай құқығы жоқ ертең. Ол сотқа жүгінеді айтыңызшы ана конституциялық кеңеске мынау менің ойымша конституцияға келмейді деп. Ал сот оны қарауы да мүмкін, қарамауы да мүмкін. Енді ондай кезде адам өзі жүгініп конституциялық сотқа, сонда сот ретінде іс жүргізіп қарайды.

Қоғам белсенділері омбудсменнің мәртебесін көтеріп, Конституциямен бекітуді бір ауыздан қолдайтындарын жеткізді. Өйткені бұл  азаматтардың құқықтарын жылдам реттеуге мүмкіндік береді дейді сарапшылар.

А. Съезбек