Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Оралда қатынас тоқтап қалуы мүмкін

AstanaTV
28.04.2022ж. 20:00
1597
Оралда қатынас тоқтап қалуы мүмкін

Биыл Орал бау-бақша өнімдерінен тарығуы мүмкін. Өйткені саяжайға баратын жалғыз жол - су көлігімен қатынас қиындаған. Жайық өзені арқылы жолаушы тасымалдауға ешкім қызығушылық танытар емес. Осының кесірінен тендер уақытында өткізілмеген. Әкімдік тендерге қатысатын компания таппай дағдарса, бау-бақшасын баптауға ерте көктемде кірісуі тиіс бағбандар саяжайына қалай жетерін білмей, бас қатырып отыр. Тілшіміз толықтырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазір жағалауда өлі тыныштық. Қаңтарылған кемелерден тіршілік белгісі байқалмайды. Мұндағы мамандардың айтуынша, мына кемелердің ешқайсысы биылғы маусымға дайындалмаған. Жөндеу, сырлау жұмыстары жүргізілмеген. Бәрі де былтырғы қалпында тұр.

Өйткені Жайық өзені арқылы жолаушы таситын кәсіпорындардың ешбірі тендерге қатыспаған. Осылайша бұл іс кейінге шегеріліпті.

Кәсіпкерлер кеме қозғалысы тұрақты болуы үшін жылына кемінде 20 миллион теңге бөлінуі керек дейді. Бірақ тендерден түсер теңгені алу да оңай емес: "Былтыр тоғыз ай жалақысыз жүріп, қарызға белшеден баттық. Сондықтан биылғы навигацияға дайындала алмадық",- дейді.

Әлібек ЖАНҒАЗИЕВ, ТАСЫМАЛДАУШЫ МЕКЕМЕ БАСШЫСЫ:
 
Финансирование - самое главное! Оны акиматқа күзде айттық. Күзде техника оңдаған жоқпыз. Қыста тағы айттық оңдаған жоқпыз деп. Қазір дизельдік отынды ешкім қарызға бермейді. Бұрын беретін еді, қазір ешкім бермейді. Біздің әзір емес екенімізді ЖКХ да біледі, әкімдік те біледі. 2021-жылы былтыр айқай-шумен 19 миллионның өзін бермей, желтоқсанның отызында облыс әкіміне барып әрең алдық ақшамызды. Одан кейін кім жұмыс істейді жаз бойына?

Билік пен кәсіпкерлер арасындағы кикілжің бағбандарға ауыр тиді. Бақшашылар кеме қозғалысының тоқтауы қала тарихында алғаш рет болғанын айтады. Бұған дейін Жайық өзені арқылы қатынаған олар енді саяжайына қалай жетерін білмей отыр.
 
Татьяна ПИСАРЕНКО, БАҒБАН:

Бұған дейін саяжайымызға кемелер еш іркіліссіз қатынайтын. Егер кеме қозғалысы тоқтаса, саяжайға автобуспен бара алмайсың. Өйткені бақшаға егетін көшетіңді алып, арқаланып барасың, қайтарда дорба-дорба жемісті кері тасисың. Саяжайға автобуспен де баруға болады. Бірақ адам толы көлікте керек-жарағыңды алып жүру мүмкін емес.

Дегенмен жергелікті шенеуніктер болса, бағбандарды жаяу қалдырмаймыз деп сендіреді. Айтуынша, тендер мамыр айында өткізіледі.

Алмаз АХОШЕВ, ОРАЛ қ.ТҮКШБ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
 
Бұл жерде біздің әлдебір компанияны қолдап, көмектесуге ешбір құқығымыз жоқ. "Келіп, қатысыңыз, байқауды жеңіп алып береміз, субсидия төлейміз" деп те айта алмаймыз. Біз ұйымдастыратын байқауға кез-келген мекеме қатыса алады. Бәрі ашық түрде өткізіледі. Сондықтан тендер өткізу үшін балама компания іздестіріп жатырмыз.


Су көлігі арқылы жыл сайын 15 мыңға тарта бағбан қатынайды. Олар Оралдың бір бөлігін жергілікті бақша өнімдерімен қамтамасыз етеді. Егер кеме қатынасы тоқтаса, биыл қалалықтардың бау-бақша өнімінен тарығуы мүмкін.

Е. Карин