$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Апатқа ұшыраған BekAir әуекомпаниясының Fokker-100 ұшағына тиісті өңдеу жүргізілмеген

AstanaTV
29.04.2022ж. 20:00
1613
Апатқа ұшыраған BekAir әуекомпаниясының Fokker-100 ұшағына тиісті өңдеу жүргізілмеген

Осыдан үш жыл бұрын 12 адамның өмірін қиған әуе апатының себебі анықталды. Алматы маңында апатқа ұшыраған BekAir әуекомпаниясының Fokker-100 ұшағы сол күні мұзға қарсы өңдеуден өтпеген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігі мамандары, БАҚ өкілдеріне осылай деді. Сапарға шықпас бұрын ұшақ ашық аспан астында 30 сағат тұрған деп қосты.  Ұшар алдында ауа температурасы 11 градус нөлден төмен, ал шық нүктесі -12 градус болған, деді.

Болат НАУРЫЗӘЛИЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КӨЛІКТЕГІ ОҚИҒАЛАРДЫ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ауа температурасы мен шық нүктесі 3 градус нөлден төмен болғанда, мұз басу болады. Дәл осы оқиғада ұшақ командирі әуе кемесінің тек тұрақтандырғыш бөлігін ғана өңдеуге шешім қабылдаған. Толық өңдеу не өңдемеу қашан да командирдің жауапкершілігінде. Ал ол қанаты таза деп шешкен. Қазір біз ұшқыштарға кінә таға алмаймыз. Тек адами фактор деп баға бердік.

Өкінішке орай, Қазақстанда ұшақты өңдеудің нақты нормативті актісі әлі қабылданбаған. Бұл әлем елдерінде таза қанат концепциясы деп аталады. Министрлік өкілінің сөзінше, жеке компаниялар ұшақ командирінің шешім қабылдауына шектеу қойып жатады. Өйткені ұшақты өңдеудің орташа бағасы 15-20 мың еуро. Бұл қаржы BekAir-дің қалтасына ауыр тиген болуы мүмкін деп топшылайды министрлік өкілдері.

А. Съезбек