Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Батыс Қазақстан облысында ірі қара белгісіз дертке шалдықты

AstanaTV
01.07.2016ж. 20:00
2182
Батыс Қазақстан облысында ірі қара белгісіз дертке шалдықты

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында ірі қара белгісіз дертке шалдықты. Бұл туралы арнамызға ауыл тұрғындары хабарлады. Олардың айтуынша, ауырған малдың қызуы көтеріліп, аузынан ақ көбік аққан, тұяғы іріңдеп, тілінде жара пайда болған көрінеді. Тұрғындар тіпті мал шығыны болғанын да жеткізді. Ауылдағы мал дәрігерлері сиырды союдан немесе сүтін пайдаланудан бас тартуға кеңес беріпті. Тұрғындар кесел адамдарға жұға ма деп алаңдайды. Бірқатары өз ақшаларына дәрі алып, малын өз бетімен емдеуге кіріскен.

Сәлима, БҚО Ақжайық ауданының тұрғыны:

Мал ауырғасын, балаларымызды туыстарымыздың үйіне апарып тастадық. Өйткені балаларымызға да жұғар ма екен деп қорықтық. Бірақ өзіміз сол малдың ішінде жүрдік. Мал аяғынан ақсады, сосын аузынан сілекейі ақты. Аурудың белгісі осындай. Қазір өзіміздің күшімізбен тәуір болып келеді.

Облыстағы ветеринарлар аталған елді мекеннен осыдан екі апта бұрын он шақты бас бұзаудың өлгенін растады. Қазір өлген малдан патологиялық материалдар алынып, түрлі ауруларға қарсы тексеріліп жатыр. Ол бірер күнде мәлім болмақ.

Қазыбек Ташимов, БҚО ветеринария басқармасының басшысы:

Биыл күннің ыстығына байланысты әртүрлі шөп көп шықты. Жер тоғайдың қасында болғасын, әртүрлі шөптер бар. Біздер мал шөптен уланды деп күдіктеніп отырмыз. Бірақ лаборатория сібір жарасы мен аусылға теріс нәтиже беріп тұр. Қорытындысы қолымызда.

Еркін КАРИН