Түркістан облысындағы Отырар ауданының тұрғындары аптап ыстықта тұмшаланып жүруге мәжбүр. Күн ысығалы елдімекендерді шіркей қаптап, елдің мазасы қашты. Халық таңнан кешке дейін үйден шығуды азайтқандарын айтады.
Әсіресе Сырдария өзеніне жақын орналасқан ауыл тұрғындары қатты қиналып жүрміз дейді. Шіркей ашық тұрған жердің бәріне кіріп, қатты әбіржіткендіктен, күні бойы үйге тығылып отырғандарын айтады. Малды да күндіз өріске шығаруды қойыпты. Мал дәрігері шіркейдің көптігінен жаңа туған төл арам қатып жатыр дейді.
Ерлан АЛТАНОВ, МАЛ ДӘРІГЕРІ:
Осыдан екі үш жылға дейін сеуіп жүрді дәріні, кейінгі кезде қазір дәрі себілу тоқтап тұр. +малдың да бет аузын жеп қояды ғой, жаңадан туған төлдерді де жеп қояды, ен салған кезде құлағын жабылып қанатып жібереді ғой. Көзден шағады, тұмсықтан шағады, жаңадан ашып жатқан балапанның бәрі өліп қалып жатыр. Көзіне бетіне жабысып қалады, қанын сорады. Басы іседі де өле береді.
Ал залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге жауапты басқармадағылар биыл шіркейдің көптігін көктемгі ауа-райының жауынды болуымен байланыстырады. Сала өкілдері былтыр белгілі себептерге байланысты шыбын-шіркеймен күрестің жүргізілмей қалғанын да жасырмайды.
Бақытбек УБАЙДИН, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Былтыр сот рәсімдері жүрді , жыл бойы соттың мәселесімен шыға алмадық. Биыл енді мынадай қолайлы жағдай болып жатыр шіркейдің көбеюіне соған байланысты қазір жұмыстар атқарылып жатыр. Арыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Отырар ауданы кешегі мәлімет бойынша сол жұмыстарды бастап жатыр.
А. Төребекқызы