$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Проблемалық қарыздар енді жеке инвесторларға сатылу мүмкін

AstanaTV
11.05.2022ж. 20:00
1313
Проблемалық қарыздар енді жеке инвесторларға сатылу мүмкін

Елімізде заңды тұлғалардың банк алдындағы берешегі – 2,3 трлн теңге. 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш 7,7 трлн теңгеден асқан. Экономикалық айналымнан тысқары тұрған бұл қаржы – «стрестік актив» деп аталады. Мәжілісте талқыланған жаңа заң жобасы аясында мұндай проблемалық қарыздарды енді  жеке инвесторларға сату мүмкіндігі тумақ. Яғни, сервистік компаниялар институты активтерді сенімгерлік басқаруға алып, өндіріп алудың тиімді стратегиясын әзірлейді.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгін өте маңызды заң жобасын талқыладық. Президентіміз екі рет осы мәселені көтерген болатын. Экономикамызға бірқатар оң әсер беретін өзгерістер енгізілді. Біріншісі сол – кепілдегі мүліктің банк баланасында болуына 3 жылдық шектеу енгізілді. Бұл қазіргі кезде ел экономикасына жұмыс істемей көптеген жылдар банктерде жатқан мүліктер, стрестік активтерді экономикалық айналымға тездетіп енгізуге мүмкіндік береді. Екінші мәселе құны 50 млн теңгеден асатын активтерді сатып алған инвесторға оны дербес басқаруға өзіне рұқсат беріледі ғой. Бұл да үлкен өзгеріс деп есептейміз.

Бұл өзгерістер банкрот болып, 90 тәулік  қарызын төлей алмаған немесе  кепілге қойған мүлкі банкке өтіп кеткен заңды тұлғаларға қатысты. Ал жеке тұлғалардың қарызы ешкімге   берілмейді.    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, қазір 6,2 млн азаматтың басында несие бар. Оның 430 мыңы тікелей банктерге  уақытылы төлей алмағандар тізімінде.

Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз тиісті есептеулер жүргізіп, осындай проблемалы қарыз алушылардың жалпы санын анықтадық. Егер барлық банк пен микроқаржы ұйымын, сондай-ақ банктердің коллекторларға сатқан қарыздарын қамтысақ, онда 1,5 млн-ға жуық қарыз алушының проблемалы несиесі бар.

Статистика проблемалық қарыздардың басым бөлігі – микроқаржы ұйымдарына тиесілі екенін көрсетеді. Бұған себеп аталмыш мекемелердің  азаматтардың төлем қабілеттіліктерін елеп-екшемей қарыз беруінде дейді мамандар. Сондықтан депутаттар  онлайн-несие беруге тыйым салуды ұсынды.

А. Съезбек