Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Ақмешітте наурыз тойланды

AstanaTV
11.05.2022ж. 20:00
1698
Ақмешітте наурыз тойланды

Ақмола облысының Ақмешіт ауылы Наурыз мерекесін тойлады. Ауыл халқы ұлыстың ұлы күнін, жайма шуақ кезде атап өтуді ұйғарыпты. Қазақтың салт-дәстүрі жаңғырып, ұлттық ойындарымыз ұлықталды. Арқа жұрты мамырда тойлаған наурыз жайлы келесі репортажда.

Наурыз мерекесін тойлауға келген ауыл халқының қарасы қалың. Еңкейген қарттан бастап, еңбектеген балаға дейін осында. Олар наурыз көжеден дәм татып, күміс көмей әншілердің және мың бұралған бишілердің өнерін тамашалады.

Қазақ елі дәстүрді дәріптейтін бұл мерекені ерекше ықыласпен тойлайды. Карантиндік шектеулерден кейін, енді ғана тойланып жатқан наурыз тойына, ауыл халқы барынша дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр.

Ләззат ҚОНАРБАЕВА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Бүгінгі мереке өте жақсы өтіп жатыр деймін. Сол енді ауа райына байланысты кешірек өткізіп жатыр, бірақ қазақ елінің дәстүрі ғой. Жақсы мереке деп ойлаймын.

Қазақтың берекесі бірлікте. Төртеу - түгел, ендеше төбедегі бақ - осы дейді атқамінерлер.

Ержан САБЫРОВ, ТАСТЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Наурыз мереке өткізіліп жатыр. Ұлттық ойындар, ұлттық салт-дәстүрлер жаңғырту мақсатында осындағы іс-шараларды ауыл белсенділері және әкімдіктің қолдауымен жасалып жатыр.


Мерекеде салт-дәстүр ұлықталды. Келін түсіру, отқа май құю сахналанды. Білектілер арқан тартты. Ұлттық ойындардың да көркі қызды. Білектілер арасынан арқан тарту, қошқар көтеру, көкпардан да мықтылар анықталды.  

Ақжарқын АПБАСОВ, АҚМЕШІТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазағым осындай өркендеп, тойлар бола берсін. Жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз қазақ елі бұрыннан келе жатқан тұғырлы ел ғой. Осы тұғырымыздан дәстүрімізден айнымайық. Алла тағала бізге Қазақ еліне бақыт, тыныштық, отанамыз аман болсын.

Жалпы, Наурыз - шығыс елдеріне ортақ мереке. Бірақ əр халық үшін бұл күннің өзіндік сипаты бар.

Б. Сатуов