Қазақстанда тірек-қимыл, жүйке жүйесі ауыратын, аутизмге шалдыққан 100 мыңға жуық бала бар. «Балалар жылы» аясында оларды оңалту орталықтары көбейген. Емдеу мекемелерінде төсек-орын саны екі есе артып отыр. Нәтижесінде бір тоқсанның өзінде ерекше күтімге мұқтаж 12 мың бала арнайы медициналық көмек алып үлгерді.
Шахноза Миршарипова баласын «Қамқорлық» оңалту орталығына осымен екінші рет ем алуға әкелген. Әр курстың ұзақтығы - 21 күн. Айтуынша, күн өткен сайын баласының денсаулығында оң нәтиже байқалады. Қажетті ем-шара түрлері мен заманауи құрал-жабдық та мұнда толық көрінеді.
Шахноза МИРШАРИПОВА, АТА-АНА:
Бізге соцработнигіміз айтты. Емхана арқылы келдік. Ешқандай қиындық туған жоқ. Тек анализ, пцр тапсырдық. Логопед, дефектолог, ЛПК, почти барлығын алып жатырмыз. Бәрі жақсы, таза, мейірімді жақсы қарайды специалистер.
Ерекше балаларды емдейтін эрготерапевттер, ел аумағында биылдан бастап қана дайындала бастаған. Ал әлем елдерінде мұндай дәрігер 50 жылдан бері бар. Республикалық балаларды оңалту орталығының директоры Шолпан Бөлекбаеваның сөзіне сенсек, халықаралық классификацияға ілеспей қалған олқылықтардың орны биыл толады.
Шолпан БӨЛЕКБАЕВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Жылдың басынан 10 орталық ашылды. Тағы 17 орталық ашылайын деп жатыр. Былтыр 50 мыңнан астам бала емделсе биыл жаңағы орталықтар ашылғаннан кейін 60-70 мыңға дейін барады деп ойлаймын.
Бұл жылы шалғайдағы балалардың да оңалтудан қалыс қалмауы басты назарға алынбақ. Мамандардың айтуынша, диагнозды ерте анықтау - сәтті емнің кепілі. Сондықтан сәби күнінен дәрігердің қабылдауын қалт жібермеуге кеңес береді.
А. Съезбек