$510.08 €539.61 ₽5.15
×

"Ауғанстандағы жағдай мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр", - Қ.Тоқаев

AstanaTV
16.05.2022ж. 20:00
1493
"Ауғанстандағы жағдай мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр", - Қ.Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Мәскеуде өткен мерейтойлық саммитіне қатысты. Биыл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл. Жиынға Қазақстан Президентінен бөлек Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей Президенттері, Арменияның Премьер-министрі, сондай-ақ ұйымның бас хатшысы Станислав Зась қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бітімгершілік күштерінің әлеуетін нығайту, Ұйым қызметінің тағы бір өзекті міндеті екенін атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады.

А. Данияр