Өмірден өткен Біріккен Араб Әмірліктерінің экс-басшысының елімізге қосқан үлесі зор. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, Президент шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты көңіл айту үшін Абу - Дабиде арнайы рейс жасады деп жазылған. Сондай-ақ, жазбада "БАӘ экс-президенті Нұр-Сұлтандағы мектептердің құрылысына 13 млн доллар, Шымкенттегі перинаталдық орталыққа 25 млн доллар және Қарағанды – Нұр-Сұлтан автожолын қайта жөндеуге 22 млн доллар грант бөлді", - делінген. Бүгінде Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 276 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, Елордада құны 1,6 миллиард долларды құрайтын көпфункционалды «Абу Даби Плаза» кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – аса ірі екіжақты инвестициялық жоба болып табылады.
Ә. Дүкембаева