$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жеңілдетілген автонесие алуға өтінім қабылдау басталды

AstanaTV
16.05.2022ж. 20:00
1930
Жеңілдетілген автонесие алуға өтінім қабылдау басталды

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Тиімді шартпен көлік алғысы келетіндер өте көп. Бүгін  автосалондардың алдында ұзын-сонар кезек.  Бірақ, жауаптылар асығып-аптығудың қажеті жоқ дейді. Өйткені бағдарлама 30 жыл бойы жүзеге асырылады. Несие рәсімдеудің тетіктері жайлы толығырақ тілші Айсәуле Съезбек айтады.

Жұрт таң атысымен автосалондарға ағылды. Олар жаңа көлікті жеңілдетілген несиемен алуға өтініш беру басталады дегенді естіп келген.  Су жаңа көлік үшін 10 млн теңгеге дейін несие берілетіні сәуірдің соңында белгілі болған еді. Тиімділігі - сыйақы мөлшерлемесі жылына 4 процент қана.  Қарызды 7 жылға дейін бөліп төлеуге болады. Көлік құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Бастапқы жарна да сұралмайды. Бастысы – несие тарихыңыз түзу, табысыңыз тұрақты болуы шарт. Несие беруде ешқандай әлеуметтік санатқа басымдық берілмейді.  

Анар МАҚАШЕВА, ҚАЗАҚСТАН АВТОБИЗНЕСІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Тұтынушы алдымен автосалонға келеді. Қалаған көлік түрі диллерлік орталықта дайын тұрса,  азаматқа VIN-коды бар төлем шоты беріледі. Сол қағазбен банкке барып, несие рәсімдейді. Ал банк қарыз беру-бермеу туралы шешімді 5 жұмыс күні ішінде шығару тиіс. Ал тұтынушы қалаған көлік түрі салонда жоқ болса, тапсырыс беріп күту керек. Машина әкелінген бетте жоғарыдағы процесстер басталады.

Егер банк несие беруді мақұлдаса, тұтынушыға кепілхат табысталады. Сол арқылы адам көлікті өз атына рәсімдейді. Әзірге бағдарламаны жүзеге асыру құқығы екінші деңгейлі 4 банкке берілген. Жоба 100 млрд. теңгеге қаржыландырылды. Яғни, кемі 10 мың адам осы шартпен несие ала алады.

Ринат ҒАППАРОВ, "ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ ҚОРЫ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Азаматтар бір нәрсені түсінсе. Автосалонға келіп, көлікті жеңілдетілген несиемен бірден алу деген жоқ. Банктің жауабын күту керек. Тағы бір ескеретін жайт – төлем шоты берілген соң тұтынушы таңдауынан айнып, басқа көлікке ауыстыра алмайды. Егер бас тартса, кезеккке қайта тұрады.  Сосын өз кезегін басқа жеке тұлғаға беру деген де жоқ.

Бұл бағдарлама арқылы бір адам екі жылда   бір рет қана машина ала алады. Қазақстандық автоөндірушілер сол сұранысты толық қанағаттандырады, - дейді мамандар. Қазір Қазақстанда айына 7 мың жаңа көлік  құрастырылады. Өндіріс көлемі  алдағы уақытта 20 процентке артпақ.

А. Съезбек