$526.5 €611.64 ₽6.72
×

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті

AstanaTV
16.05.2022ж. 20:00
860
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті.  Ол өңірде партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты.  Ауыл-аймақтағы кейбір шешілмеген күрделі мәселелерді біржақты етуге уәде берді. Әрі Оралдағы қоғам белсенділерімен кездесіп, алдағы референдумның мән-маңызын талқылады.

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданында  40 мыңнан астам тұрғын бар. Мұндағы жалғыз аурухана бір ауысымда 200 адамды қабылдауға мәжбүр. Медициналық мекеменің құрылысы 1972 жылы салынған. Әуелде қонақ үй болған. Бұл мәселе «AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасына енгізілген.   Атқарушы хатшы Асхат Оралов салынып жатқан емхана құрылысымен танысты.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес, жаңа емхана ғимаратының құрылысы партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген. Бұл әлеуметтік маңызды нысан болғандықтан, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары мен Үкімет мүшелері бірлесіп, құрылысты міндетті түрде тұрғызамыз. Келер жылдың соңына дейін ауданда заманауи талаптарға сай  емхана болуы тиіс.  


Теректі ауданына қарасты Магистральное ауылына жоспар бойынша 2021 жылы жол салынуы керек еді. Бірақ жергілікті бюджеттен әкімшілік қаржы бөлмеген. Ауыл тұрғындарымен кездесуде Асхат Оралов партияның облыстық фракция мүшелерімен бірлесіп, 1 мың 800 шақырым жолға тиісті қаржыны бөлгізгенін жеткізді. Жыл соңына дейін тегіс жол салынбақ. Сонымен қатар,  Атқарушы хатшы Орал қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, алдағы саяси науқанның мән-маңызын талқылады. Өз кезегінде референдумды өткізуді толық қолдайтынын атап өтті.

Қуандық МӘДІР, М.ӨТЕМІСОВ АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Жалпы үштен бірі Конституцияның жаңа мәтінде ауысады, өзгереді дегенді жақсы білеміз. Ат салысатын боламыз. Жалпы бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының саясатын қолдаймыз.


Кездесуде партия ардагерлері референдумда өңір халқы жұмылған жұдырықтай белсенділік танытатынына сенім білдірді.

Нұрзия СИСЕНБАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Референдум қарапайым қазақстандықтар үшін үлкен мүмкіндікке жол ашады деп ойлаймын.  Барлығымыз ел Президентінің айналасына топтасып, қолдауға тиіспіз. Өйткені Біздің ешқайсымызға қоғамдағы бөлініс қажет емес. Керісінше, бірігуіміз керек. Жаңа Конституция «Жаңа Қазақстанға» бастайтын өзіндік жол болатынына және қазақстандықтардың бүкілхалықтық референдумға белсенді қатысатынына сенімдімін.


Облыс орталығында Асхат Оралов Дарынды балаларға арналған №8 мамандандырылған мектепке де барды. Аталмыш білім ошағының ғимараты 2019 жылы апатты деп танылған. Содан бері оқушылар №37 орта мектепке ауыстырылған. Ата-аналардың сөзінше, бұл қолайсыздық оқу сапасына да әсер етіп отыр. Атқарушы хатшы   бұл мәселені де енді аманаттықтар қолға алып, оң шешілуіне ықпал ететіндерін жеткізді.

А. Съезбек