Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Конституцияға енгізілетін өзгерістер ел дамуына оң әсер ететініне сенеді

AstanaTV
18.05.2022ж. 20:00
1468
Конституцияға енгізілетін өзгерістер ел дамуына оң әсер ететініне сенеді

Мәжіліс депутаттары қазір ауыл-аймақты аралап, еңбек ұжымдарымен кездесіп, алдағы саяси науқанның маңызын түсіндіруде.   Айтуларынша, халық референдумнан үлкен үміт күтіп  отыр. Көпшілік Конституцияға енгізілетін өзгерістер ел дамуына оң әсер ететініне сенеді дейді. Сондықтан белсенді түрде дауыс беріп, өз таңдауын жасауға ынталы.   

«Конституцияға енгізілетін өзгерістер бұл жастарға берілетін үлкен мүмкіндік». Қызылордалық белсенді жастар осылай дейді. Бүгін   мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі  Ғалым Әміреев студенттермен кездесіп,  жастарды толғандырған мәселелерді тыңдады.  Болашақ көшбасшылар маңызды науқанға біркісідей  қатысатындарын жеткізді. «Себебі референдум – бұл халықтың үні» дейді олар.

Шернияз ЖАЛҒАС, М.МӘМЕТОВА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА ЖОҒАРҒЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ЖАСТАР ІСІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ:

Жастар не күтеді десек, жастар өз болашағынан үміт ететін аудитория есебінде алдағы уақытта осы референдум нәтижесінде қолайлы Қазақстан, жайлы Қазақстан, жастарға берілетін үлкен мүмкіндіктер, кең қоғамды, әділетті қоғамды күтеді.

Ал Қарағандыда «AMANAT» Фракциясының мүшелері Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ұжымымен кездесті. Қазіргі уақытта 13 факультетті қамтитын білім ордасында 20 мыңға жуық студент, магистрант пен докторант білім алып жатыр. Сарыарқа жастары да  референдумға қатысу- азаматтық борыш деп біледі.   
 
Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз халыққа тек қана түсіндіру жүргізіп қоймаймыз, осы Конституцияны өзгертуде халықтың қандай тілек- талаптары бар солардың барлығын біз парламентке барғаннан кейін оны жеткізіп айтатын боламыз. Осының барлығы ескеріліп, дер кезінде оң нәтижесін береді,- деп есептейміз.

Қызылжардың еңбек ұжымдары да референдумды қолдайды. Бүгін сүт зауытының жұмысшылары  Мәжіліс депутаттарымен кездесіп, елдің келешегіне бей-жай қарамайтындарын жеткізді. Өндіріс ошағында 400-ден астам адам қызмет етеді.

Валентина ЕСЬКО, СҮТ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Маусымның бесі күні біз бүкіл ұжыммен барып дауыс береміз деп шештік. Елдің бүгінгі және ертеңгі күні біз үшін өте маңызды. Тың өзгерістердің арқасында өмір сапасы жақсаратынына зор үміт бар. Ертең ұрпағымыз да осының жемісін көретініне кәміл сенеміз.


Халық референдумнан кейін елімізде үлкен өзгерістер болатынына сенеді. Сондықтан маңызды науқанға  болашақ үшін атсалысуға мүдделі екенін айтады.

А. Құрманкин