$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Тобыл өңірінде былтырдан бері 19 адам айыппұл төлеп, бостандыққа шыққан

AstanaTV
30.03.2016ж. 20:00
1620
Тобыл өңірінде былтырдан бері 19 адам айыппұл төлеп, бостандыққа шыққан

Ақысын төле де, абақтыдан шық. Жыл басынан бері Қостанай облысындағы түзету мекемелерінен 6 адам еркіндікке шыққан. Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері осындай мәлімет келтіріп отыр. Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес былтырдан бері Тобыл өңіріндегі түрмелерден 19 адам бостандыққа жіберілген.

Сотталған азаматтар өтелмеген мерзімі үшін ақша төлеген. Сот қаулысына сәйкес жазасын өтеушілерге түрмедегі 4 күні үшін 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындалады. Ақша төлеп, босап шыққандар жазасын толық өтеген болып саналады. Кодекске енгізілген өзгеріс аса ауыр және бірнеше қайтара қылмыс жасағандар үшін  қолданылмайды, - дейді департамент өкілдері.

Мейрамгүл Есмұратова, Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аға инспекторы:

Орта және жеңіл қылмыспен сотталғандарға ғана қолданылады. Егер де ол сотталған адам, біріншіден, үкім бойынша барлық айыппұлдарды төлеген болса және жазасын өтеу барысында ешқандай тәртіптік жазаға тартылмаса, осы мүмкіндікті қолдана алады.

Заңғар САНАЙ