$498.55 €524.28 ₽4.75
×

"Қолжетімді үйіміз қолжетімсіз болып тұр",-салымшы

AstanaTV
25.05.2022ж. 20:00
1253
"Қолжетімді үйіміз қолжетімсіз болып тұр",-салымшы

Қостанайда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан баспана құрылысы баяулап тұр. Шаһар іргесіндегі «Қонай» шағын ауданынан  бес жүзге жуық адам пәтер алуға өтініш білдірген. Бірақ  көпшілік бір жылдан бері жаңа қонысқа қол жеткізе  алмай келеді. Салымшылар  мен үй салушылардың уәжін Заңғар Санай жеткізеді.

Үй жалдаудан жалыққан жандар  бүгін құрылыс алаңына жиналды. Көпшілік шаршы метрі 140 мың теңгеден белгіленген үйдің  сапасы мен салыну барысын көрмек болған еді. Өйткені олар әлі күнге дейін кімге қай қабаттан, қандай баспана бұйыратынын білмейді.Бірақ мердігер өкілі ешкімді жаңа үй жанына жолатпады. Салы суған кеткен салымшылар сыртынан ғана тамсанып қайтты.

Данияр КӨШЕНОВ, САЛЫМШЫ:

Халықтың күтіп отырғаны квадрат метрі 140 мыңнан беріліп отыр.Ал қазіргі коммерциялық баспаналар 320-340 мыңнан. Сондықтан халық «Отбасы банкіне» салған ақшаларын алып, басқа пәтер алайын  десе жаңа пәтердің он пайызына да жетпейді.Сондықтан халық екі ортада қалып қойды.Не мына үйден ала алмай отыр.Ана үйлердің бағасы өсіп жатыр.
 

Маржан МӘЛІКҚЫЗЫ, САЛЫМШЫ:
 
Наурыз айында  хабарласқанда жоқ сәуір айына қалды деді.Одан кейін  сәуір айында мамыр айына қалды деді.Енді осылай әр ай сайын қалдыра берген соң, осы жерге жиналдық. Қарапайым халық енді қай жағын болса да арзандау, қолжетімді үй алғанды қалайды.Бірақ қолжетімді үйіміз қолжетімсіз болып тұр.
 
Көпқабатты үйлер құрылысымен  ақтөбелік компания айналысып жатыр. Мердігер өкілі пандемия және қажетті материалдар  құнының еселеп қымбаттауы қаржылық қиындықтарға әкеп соқтырғанын  айтты. Соның салдарынан баспана құрылысы бірнеше айға тоқтап қалған көрінеді.

Эркин САИДМУРАТОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

Қаржылық қиындықтар болды. Қазір мәселе шешілді. Құрылысшылар  қайта жұмысқа кірісті. 40 адам жұмыс істеп жатыр. Ертең тағы 12 адам келеді.Олар осы айдың соңында қолданысқа берілетін пәтерлердің ішкі сылақ жұмыстарымен айналысады.


Шаһар іргесіндегі шағын ауданда 17 көпқабатты үй бой көтерген.Оның  екеуі арендалық, қалғаны мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған. Қала басшылары «Қонайдағы» пәтерлер  екі айдың ішінде қолданысқа беріледі дейді.

Мейрам СӨКІТБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Маусымның он бесіне қарай біз 85-4,84 кварталының үш үйін тапсырамыз.Міндетті түрде.Қалғандарына сот шешімі бар.Августың аяғына дейін  соңғы үйді тапсыруға тиіспіз.Бірақ үйді тапсырған соң одан кейін әлі 15-20 күн керек бізге. Паспорт жасауға.

Салымшылар тағы бірнеше ай күтуге дайын. Бірақ үйге  күзде де   қолымыз жетпесе, құзырлы органдарға шағымданамыз дейді.

З. Санай