Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Депутаттар өңірлерді аралап жүр

AstanaTV
04.07.2016ж. 20:00
2999
Депутаттар өңірлерді аралап жүр

Бүгін қос мәжілісмен Қостанай өңірін аралады. Құралай Қаракен мен Иван Клименко аймақтағы кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Астықты өлкеге ат басын тіреген халық қалаулылары әуелі шұжық өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындардың бірінде болды. Аймақтағы «Аян-Озат» серіктестігі отандық шикізатты қолдана отырып, тәулігіне 4 тонна ет өнімдерін шығарады. Кәсіпорында 160 адам тұрақты жұмыс істейді. Еңбек ұжымымен кездескен депутаттар Елбасының «100 нақты қадам», «Мәңгілік ел» жобаларын халыққа түсіндіріп, «Нұр Отан» партиясының мәжілісте атқарған жұмыстарын баяндады.

Құралай Қаракен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының  мүшесі:

Халықпен кездесу барысында біраз түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап өтейін дегенім, бүгінгі таңда ел тұрғындары әрбір бастамаға белсенді атсалысып, өздерін толғандырған мәселені көтеріп, оның оңтайлы шешілуін қалайды. Мәселен, міндетті медициналық сақтандыру, мектептерге 3 тілділікті енгізу, 12 жылдық білім жүйесіне қатысты  көп сұрақтар қойылды.

Ал, еліміздің Оңтүстік облысына барған депутаттар «Тассай» индустриалдық аймағындағы салынып жатқан нысандарды аралады. Жалпы аумағы 89 гектарды қамтитын өндірістік аймақта «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында  18 жоба  жүзеге  асуы тиіс. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың қазан айында  толық  аяқталады. Қазір бұл жерде 1500-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр.

Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының  мүшесі:

Осы индустриалдық аймақтың есебінен 11 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Жалпы келешекте 20 мыңға жуық  жұмыс орындары ашылады. Қазірдің өзінде жалпы Оңтүстік Қазақтандағы өнімдердің 5 пайызы осы индустриалдық  аймақтардың үлесінде.

Заңғар САНАЙ