Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Көк туды қорлағандар халықтан кешірім сұрады

AstanaTV
27.05.2022ж. 20:00
2788
Көк туды қорлағандар халықтан кешірім сұрады

"Желбіретіп көк туды" деп әндеткендер көк туды қорлады. Тыңдармандарын тың туындыларымен қуантып, ТМД елдерін мойындатып жүрген танымал топ мүшелері сын астында қалды. Олар сахнада бейәдеп сөздер айтып, көк байрағымызды қорлаған. Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында концерт берген Ирина Кайратовна жігіттері мен Shiza деп танитын Асхат Жолшиевтің бұл әрекеті көпшіліктің ашуын тудырды.

Біреудің емес бүкіл қазақтың қастерлеп, қадір тұтатын көк байрағы  бұл. Тудың қадірін кетірген әнші сахна мәдениетін   жиып қойып, бейәдеп, балағат сөздер айтқан.  Ал "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленовтың оны қолдағандай қылық көрсеткенін видеодан анық аңғаруға болады дейді әнші Нұрлан Албан. Екі әншіні жазалауды талап етуде.

Нұрлан АЛБАН, ӘНШІ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Менің миыма қан құйылайын деп отыр. Қанша жұлдыз болсаң да, аспаннан аяғың салбырап түссе де, сен адам емес екенсің. Олардың айтқанын айтуға аузым бармайды. Біз бала тәрбиелеп отырып, сол баланы қайтсек қазақыландырамыз, қайтсек ұлттық рухты сіңіреміз, қайтсек солардың тәрбиесімен айналысамыз деп жатқанда, олардың көрсетіп отырған тәрбиесі, үлгісі мынау ма?

Талай жасты өздерімен қосыла ән шырқатқан өнерпаздардың ерсі қылығын концертке жиылғандар да құптамаған. Тыңдармандар топтан теріс айналғандарын айтуда.
 
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы мұның артында үлкен мәселе тұр дейді.

Оразкүл АСАНҒАЗЫ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Рәмізді құрметтеу үшін біздің жастарымыз біріншіден тарихын білуі керек.  Егер кез-келген қазақстандық, кез-келген қазақтың ұлы мен қызы қазақтың басынан өткен тарихты, шынайы, әділетті тарихты білетін болса  оның кеудесінде мақтаныш кернеген болар еді. Біз осы тарихымызды жастарға жеткізбей жатырмыз.


Ал басы дауға қалған өнерпаздар ерсі әрекетін түсініп, айыпты екендерін түйсініп,   дүйім жұрттан кешірім сұрады.

Азамат МАРКЛЕНОВ, "ИРИНА КАЙРАТОВНА" ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүкіл қазақстандықтардан үлкен үлкен кешірім сұрағым келеді. Өзімді сахнада мәдениетсіз ұстағаным үшін. Ішімдік ішкенім үшін. Мойындаймын бұл менен кеткен үлкен қателік. Бүгін мен үшін үлкен сабақ. Енді қайталанбайды деп уәде беремін сіздерге.

Әнші әріптесінің әрекеті үшін де кешірім сұрап, туды естелікке бергісі келгенін айтты.  

Ә. Бердібеков