Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қарағандыда күн сайын ондаған көпқабатты үй сусыз қалады

AstanaTV
30.05.2022ж. 20:00
1031
Қарағандыда күн сайын ондаған көпқабатты үй сусыз қалады

Қарағандыда соңғы күндері күн сайын ондаған көпқабатты үй сусыз қалады. Көктемнен бері құбырларда апат жиілеген. Шаһарда ыстық су да жоқ. Қалалықтар аптап ыстықта тіршіліктен тарығуда. Күнделікті тұрмыстық қажеттілік, бау- бақша суару үлкен проблемаға айналды. Қалада су неге тапшы? Тілші тарқатады.

Соңғы күндері тіршілік нәрінен қағылған қаланың әр бөлігіндегі халық, шағым айтуды жиілетті. Құрманғазы көшесінде тұратындар екі күннен бері сусыз отыр. Жұрт ішетін су таппай, дүкеннен сатып алуға мәжбүр. Шаһарда, жылумен бірге ыстық суды да ағытып тастаған. Ауласында құдығы жоқ қариялар бау- бақшаларына алаңдаулы.

Любовь КАССИНА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Су онсыз да иненің көзінен тамғандай ағатын. Екі күннен бері мүлде жоқ. Тасып әкелеміз, кейде сатып аламыз. Құдығы барлар құдықтан алып бақшасын суарады. Бірақ ол ішуге жарамайды.

Қарттардың айтуынша, су құбырларының жиі істен шығуына, жол бойында суағарлардың жоқтығы себеп. Суағар болмаған соң көктемгі қар суы көшелерді алып қана қоймай, су құбырларын бүлдіріп кетеді,- дейді.

Вячеслав ЛЕОНТЬЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Маңайды көктемде су алып кетеді. Ол құбырды шірітеді, қыста ол мұздайды, жазда суда жатады. Әкімдік бізге 4 жылдан бері суағар салып береміз, - деп уәде беріп келеді.

Қаланы тіршілік көзімен қамтамасыз етуді міндетіне алған «Қарағанды су» мекемесі шаһардағы су жүйесі әбден ескіргенін жеткізді. Бүгінде құбырлардың 68 пайызы тозған.   

Кенжан ДАУЫЛБАЕВ, «ҚАРАҒАНДЫ СУ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Михайловка ауданын алатын болсақ, Ермеков, Газалиев ол 85- 89 жылдары салынған. Енді сіздер түсініп отырсыздар 40 жылдан астам уақыт. Былтыр біз 200 метрдей айырбастадық Ермеков көшесінде, биыл 500 метрдей айырбастаймыз, 300 диаметрге. Ол бізге не береді, ол гидравликалық режимді жақсарту үшін және қысымды орнату үшін.

«Қарағанды су» құбыр ауыстыру жұмыстарын қолға алған. Дегенмен бұл жұмыстар 7-8 жылға жалғасады деп отыр. Ескірген құбырлардың істен шығуы әлі де жалғасатынын жоққа шығармайды. Сондықтан суы бар шағын аудан тұрғындарына мейлінше суды көбірек алып қоюға кеңес береді.  

А. Қуаш