$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Жалпыхалықтық науқан күні елімізде 10 013 референдум учаскесі жұмыс істейді

AstanaTV
31.05.2022ж. 20:00
1224
Жалпыхалықтық науқан күні елімізде 10 013 референдум учаскесі жұмыс істейді

Жалпыхалықтық науқан күні елімізде 10 013 референдум учаскесі жұмыс істейді. Оның 9 468-і азаматтарды тіркеу орны бойынша жасақталады. Учаскелік референдум комиссиялары  қажетті құралдармен толықтай қамтамасыз етілген.   Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің, республика бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілдері ұсынған мәліметтер мен есептерге сәйкес, дауыс берушілердің тізіміне 11 722 536 адам енгізілді. Өңірлердегі дайындық туралы тілшілеріміз толығырақ баяндайды.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Батыс Қазақстан облысы - референдумға сақадай сай.   505 сайлау учаскесі дайын тұр. Сайлау комиссияларының 3 мыңнан астам мүшесі алдын-ала арнайы тестілеуден өтіп, кәсіби жарамдылығын дәлелдейтін сертификат алған. Батыс Қазақстан облысында 400 мыңнан астам сайлаушы бар. Сайлау комиссиясы солардың бәрін түгел қамтимыз деп отыр.   
 

Ғайса ҚАПАҚОВ, БҚО САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

1200 үй бар қалада. Соның әрбірінің подъезіне 6 мыңның үстінде хабарламалар басып, подъездерге  ілдік. Оның негізгі мақсаты - әрбір кіріп келе жатқан сол үйдегі кісілер қай жерде сайлау участок бар, оған қалай барады, телефоны қандай, хабарласуға бола ма, сол мәселелер қарастырылады.
 
Референдумның қалай өткізіліп жатқанын бақылауға 2500-дей байқаушы қатысады. Алыс және жақын шетелден де байқаушылар келмек. Әр  учаскеде кемінде үш байқаушы болады.  
 
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Референдум күні  концерттер ұйымдастырылып, жәрмеңкелер өткізіледі. Конституция - еліміздің бас заңы. Сондықтан жаңа Қазақстанға қадам басар күніміз қуанышқа толы болуы керек дейді ұйымдастырушылар. Әрі қарай Ақтөбедегі дайындық барысы туралы әріптесім Гүлвира жалғастырады.
 
Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
 
Рахмет, Еркін. Ақтөбе облысындағы дауыс беру учаскелері де референдумға дайын. 5-маусым күні таңертең аймақта 517 учаске ашылады. Өңірдің  559 мыңнан астам тұрғыны референдумға қатысуға құқылы. Дауыс берушілердің тізімі әлі де нақтылануда. Үйді-үйге шақыру қағазы таратылып, sms -хабарламалар жіберіліп жатыр.  Референдум учаскелері талапқа сай толық жабдықталған.  
 
Нұрлыбек ЖҮСІПОВ, ОБЛЫСТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мүгедектігі бар адамдарға жағдай тудырылған. Оларға брайль шрифтісімен екі жауап дайындалған трафарет бетінде «ия-да», «жоқ-нет» деген.  Сол бойынша көзі көрмейтін жандар арнайы мүгедек адамдарға ұйымдастырылған бұрышта аудио дыбыстар арқылы бюллетень бетіндегі жазбалар бойынша түсініп, сосын трафаретті жаңаға брайль әрпімен өздері таңдағанына дауыс береді.

Ал, референдум күні іссапарға немесе жеке шаруасымен басқа қалаға, ауылға кететін тұрғындар өз учаскесінен шыққаны туралы талон алуы керек. Содан кейін ғана барған жерінде кез келген дауыс беру учаскесінде референдумға қатыса алады.  

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Аймақтағы референдум учаскелері 16-шы мамырдан бері ашық. Кез-келген адам дауыс берушілер тізімінде бар-жоғын анықтауына болады. Ал 5-маусым күні  дауыс беруге бірінші рет келген адамға, және сол күні кәмелет жасқа толған қыз-жігіттерге сыйлық беріледі.  Барлық өңірде қазір дайындық пысықталып жатыр. Әрі қарай қызылжарлық әріптесім Абзал Құрманкин жалғастырады.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Я, Гулвира, референдумға дайындық Қызылжарда да қызу жүріп жатыр.   Өңірде 580 мың тұрғын бар. Соның 379 мыңы дауыс беруге құқылы.   Олар еліміз үшін маңызды күні тарихи таңдау жасайтындарын айтады.  Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен түзетулер   демократиялық мемлекет қалыптастырудағы маңызды қадам дейді тұрғындар. Сондықтан саяси науқанға қатысып, жарқын болашақ үшін  таңдау жасауды ниет етіп отырғандарын жеткізеді.
 

БЛИЦ:

- Бұл біз үшін маңызды қадам. Билік халықтың пікіріне құлақ асып жатқаны қуанышты. Халық дұрыс таңдау жасауы тиіс.
 
- Мен өзгеріс енгізілетін баптарды оқып шықтым.  Келісемін. Жолдасым екеуіміз міндетті түрде маусымның бесі күні дауыс береміз.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:   

Қайда барып дауыс беретініңізді білу үшін   GOV.KZ сайтына жүгінуге болады. Портал тәулік бойы жұмыс істейді. Онда сіз өзіңіздің сайлау учаскеңіздің мекенжайын  таба аласыз.  Тек жеке сәйкестендіру нөміріңіз бен тұрғылықты жеріңізді жазасыз. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 648 референдум учаскесі бар. Олар маусымның бесі күні таңғы жетіден бастап жұмыс істейді.   

Г. Сейтенова