$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Әскерде қаза тапқан Ұ.Бердішевтің сараптама нәтижесі шықты

AstanaTV
07.06.2022ж. 20:00
1474
Әскерде қаза тапқан Ұ.Бердішевтің сараптама нәтижесі шықты

Қорғаныс министрлігі "Әскерде нөлдік өлім" бағдарламасын әзірлемек. Бұл туралы  министр Руслан Жақсылықов  айтты. Соңғы кезде сарбаздардың жұмбақ өлімі жиілеп кетті. Министр   жаңа бағдарлама арқылы сол мәселені шешемін деп отыр.   Ал бұл қапыда бауыр ет баласынан айрылғандардың жанына жұбаныш бола ма? Қырғызстанда қаза тапқан сарбаздың анасы неге әлі күнге дейін әділдік таппай жүр? Әсел Дүкембаеваның репортажы.

Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

"Әскерде нөлдік өлім". Қорғаныс министрінің айтуынша,  бұл жаңа бағдарлама   әскерде тәртіп орнатады.  Жеке құрамның қаза болуы мен жарақаттану себептеріне жан-жақты талдау жүргізіледі, шаралар кешенін әзірлейтін   жұмыс тобы құрылады. Бағдарламаны әзірлеуге Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғаларын, ардагерлер ұйымдарын, білім беру және медициналық мекемелердің өкілдерін, психологтарды   тарту көзделуде.  

Соңғы уақытта жиілеген әскердегі келеңсіздіктер ешкімді бей-жай қалдырып отырған жоқ. Премьер министрдің  орынбасары Ералы Тоғжанов та оған алаңдаулы.   Оның айтуынша, әскерилердің жиі қаза табуына Қорғаныс министрлігі тікелей жауапты.  

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Менің ойымша, мерзімді әскери қызметтен бас тарту дұрыс емес. Жастар әскери борышын өтеуі керек. Тағы бір мәселе, барлық мүдделі мемлекеттік орган, бірінші кезекте Қорғаныс министрлігі осы жігіттердің бәрінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.


Әскери міндетін өтеген дұрыс-ау, бірақ борышын өтеуге кеткен баламыздан қапыда айрылып қалып, әлі есеңгіреп отырмыз дейді Қырғызстанда тауда асылып, қаза тапқан Ұлыбектің анасы.   Оған қатысты сараптама нәтижесі шыққан. Алайда,   сарбаздың ата-анасы ондағы жазылғандармен келіспейді.

Орынкүл МЕРЕКОВА, Ұ.БЕРДІШЕВТІҢ АНАСЫ:

Экспертизаға мүлде көңілім толып отырған жоқ. Бұл экспертизаны қайтадан жасатамын. Қырғызстандікі әлі шыққан жоқ, Қырғызстандікі келсін деп күтіп отыр. Қырғызстандікімен  бірдей болып, наркотика пайдаланып, наша пайдаланды деп шықса мен қайтадан жасатамын.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше,  мерзімді әскери қызметке жыл сайын 35 мыңға жуық адам  шақырылады. Енді әскери қызметшілердің қазасы мен жарақаттануына  жол берілмейді, әскердегі барлық лауазымды азаматтар мұндай жағдайларды болдырмау үшін қажетті шаралар қабылданады деді министр.  

Ә. Дүкембаева