$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағандыда 24 жастағы ана босану кезіндегі асқынулардан көз жұмды

AstanaTV
08.06.2022ж. 20:00
1305
Қарағандыда 24 жастағы ана босану кезіндегі асқынулардан көз жұмды

Бала тап деген біз бе? Кесерь тілігімен босанған соң көз жұмған жас ананың жақындарына, дәрігерлердің айтқан уәжі осы болды. Қайғы жамылған қарағандылық отбасы қызметіне салғырт қарағандар жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді. Ота кезінде ағзаға инфекция түсірген деп айыптайды. Айтуларынша перинатальдық орталық дәрігерлері температурасы түспей қойған Динараны тексерместен үйге шығарып жіберген.

Константин Левенько жарынан айырылғанына әлі сене алмай жүр. Оның 6 жастағы ұлы мен дүние есігін енді ғана ашқан қызы анасыз қалды. Әйелін облыстық перинатальдық орталық дәрігерлері кесарь тілігі арқылы босандырып алған. Араға апта салып перзентханадан шығарған. Күйеуінің айтуынша, нашар сезінетінін, іші қатты ауыратынын айтқанмен ақ халаттылар оған мән берместен үйіне аттандырыпты. Жас ана келесі күні қайта ауруханаға түскен.

Константин ЛЕВЕНЬКО, КҮЙЕУІ:

Дәрігерлер соңына дейін бәрі жақсы деумен болды. Диагнозын таппады. Сөйтсек, акушерлік сепсис екен, яғни ота кезінде ішкі ағзаларына инфекция түсіп асқынып кеткен. Тікелей дәрігерлердің салғырттығы. Мен кінәлілерді жазалауды талап етемін.

Марқұмның жағдайын сіңлісі Анар Мағзұмова жақсы біледі. Әпкесі Динара қан кеткендіктен ауруханаға қайта түсті деп отыр. Дәрігерлер сол кезде дереу жатырын алып тастаған. Алайда қанына инфекция түскен науқастың миы ісіп облыстық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылыпты. 3 апта сол жерде тапжылмастан жатқан Динара, ес жимастан жан тапсырған.

Анар МАҒЗҰМОВА, СІҢІЛІСІ:

Босана салысымен ыстығы түспей қойды. Тігісі емес ішкі ағзасы қатты ауырып тұрғанын қаншама айтты. Ішке қан кету болған. Перзентханада қаны уланған. Егер дәрігерлер ертерек мән беріп, тексерсе аман қалар ма еді? Олар өз кінәларын мүлде мойындамай отыр. Бала тап деген біз бе,- дейді аурухана басшысы. Бұл не сөз?

Қаралы отбасы кінәлілерді жазалауды сұрап денсаулық басқармасына, облыстық полиция департаменті мен прокуратураға арызданған. Әзірге тек қызметтік тексеру жүріп жатыр.   

Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған факті полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытынды бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады.


Істің мән- жайын медициналық бақылау департаменті анықтамақ. Тиісті сараптамалардың нәтижесі 20 күннен кейін ғана дайын болады. Осыны алға тартқан денсаулық басқармасының өкілдері дәрігерлердің әрекетіне қатысты қандай бір пікір білдіруден бас тартты. Қайғыдан қан жұтқан отбасы бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінен істі бақылауға алуды сұрайды.  

А. Қуаш