Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Елордада қатты жел салдарынан мұнара краны құлады

AstanaTV
14.06.2022ж. 20:00
1269
Елордада қатты жел салдарынан мұнара краны құлады

Елордада тағы да мұнара краны құлады. Соңғы уақытта ай сайын кранның құлауы жиілеп кеткен. Әріптесім Әсел Дүкембаева, мұның себебін анықтап көрді. Жел тұрса құлайтын алып крандардың тозығы жеткен екен. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Елордада аяқ астынан қатты жел тұрып, қаланың астан-кестенін шығарды. Тұрғын үй кешенінің сыртқы жабындысы сыпырылып, желмен берге ұшты.

Аулада ойнап жүрген балалар да бас сауғалап қашқан. Абырой болғанда адамдар дін аман. Баспананың пайдалануға берілгеніне 7 жыл ғана болған.    

Тілендиев көшесінде де қатты желдің салдарынан көпқабатты тұрғын үйдің әйнектері күлпарша болды. Тұрғындардың айтуынша, іргедегі құрылысшылар жел тұрса да жұмыстарын тоқтатпаған. Соның салдарынан құрылыс заттары терезелерімізді сындырып кетті дейді.

Талғат БОРАНБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше 7-лер шамасында балаларым осы бөлмеде отырғанда қатты желдің салдарынан терезеден құрылыс заттары ұшып жатты. Ақыры 15 шақты үйдің терезелері шағылды. Бұл бірінші рет емес, бірнеше рет қайталанып отыр. Енді үйдің құрылысы 20 метр жерде ғана салынып жатқан соң, ұшпағанда қайтсін. Бүгін терезе шағылды, оны құрылыс компаниясы жөндеп береді делік. Бірақ алдағы уақытта бұның тағы қайталанбасына кім кепілдік бере алады?

Қазгидромет бұл дауылды желді алдын ала ескерткендерін жеткізді. Әсіресе құрылысшыларға бірінші кезекте деп отыр.

Қауіпті жұмыс, ескі техника... Екпіні қатты жел бас қаладағы мұнара кранды құлатты. Оқыс жағдай сол жағалаудағы салынып жатқан тұрғын үй кешеніндегі құрылыс объектісінде болған. Жауаптылардың мәліметінше, дауылды ескертуге байланысты объектінің жұмысы тоқтатылған. Ал құлаған кран бөлшектеуге дайындалған еді дейді.

ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ӨКІЛІ:

Алдын ала мәліметтер бойынша, кран қатты желдің салдарынан құлап кеткен. Желдің екпіні секундына 20-25 метрге жеткен. Дегенмен мән-жайы анықталуда. Оқиға орнында ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері жұмыс істеуде.


Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Жел тұрса кран құлайды, жабынды сүріледі. Еске салайық, биыл ақпан айында осыған ұқсас жағдай Тұран даңғылы бойында болды. Кранның құлауынан жұмысшы көз жұмды. Одан бөлек, мамырда кран кабелі үзіліп, құрылысшы қаза тапты. Жел тұрса ұшып кететін елорданың желіне төтеп беретін сапасыз үйлер ме, әлде, кранның құлай беруі қалыпты жағдайға айналған ба?

Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше жыл басынан бері ел аумағында 4 адамның ажалы краннан келген. 1 жұмысшы ауыр жарақат алған. Бұған дейін болған оқыс оқиғаларға байланысты ешкім жауапқа тартылмапты. Тексеріс нәтижелері аяқталып, құзырлы органдарға құжаттар жолданған. Жалпы жыл басынан бері 8 кран апатты деп танылған екен. Тәуелсіз сарапшылар қолданыстағы құрылысқа қажетті крандардың басым бөлігінің пайдалану мерзімі өтіп кеткенін айтты. Оны құрылыс компаниялары тапсырысымен тексеруден өткізілген кезде анықтаған. Бірақ тапсырыс берушілер мерзімді ұзартуға ғана өтініш жасайды деді.

Ә. Дүкембаева