$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жамбылда қант 1 келіден ғана сатылып жатыр

AstanaTV
14.06.2022ж. 20:00
1460
Жамбылда қант 1 келіден ғана сатылып жатыр

Жамбылда да қант тапшы. Екі қолға бір келіден ғана босатып жатыр. Тараздағы әлеуметтік дүкендерде құмшекерге ұзын сонар кезек пайда болған. Қант төңірегіндегі қарбаласты тілшіміз айтып берсін.

Таразда тәтті ұнтақ бағасы әлеуметтік дүкендерде 450 теңгеден сатылып жатыр. Ал басқа дүкендерде 600 бен 800 тенге аралығында саудалануда. Сондықтан шаһар тұрғындары әлеуметтік дүкендерде таң сәріден кезекке тұрады. Оның өзінде адам басына берілетін қант бір келіден аспайды. Ал көшедегі көп дүкенде қант тіпті жоқ.
 
БЛИЦ:

- Аптасына үш рет беріледі өстіп қырыламыз да жатамыз. Басқа жерде қант қымбат. Жағдайы жоқ ел көп. Адам көп болған күні жетпей қалады. +Бала шағамыз осы жерде жүреміз. Осы бір қант үшін.

- Қант алып жатқан жоқпын әзірге. Қант қолданамыз, бірақ қазіргі уақытта қымбат болып тұр. Оның үстіне жоқ. Үйдің қасындағы дүкенге балаларымды бірнеше рет жібердім жоқ.


Әлеуметтік дүкендерде осыдан бір апта бұрын 330 теңгеден саудаланған құмшекер қазір 450 теңге болып қымбаттаған.  Сонда да халыққа жетпей жатыр.

Гүлзат ДҮЙСЕНБАЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН САТУШЫСЫ:

Бүгін бізге 500 келі қант алып келді. Бітті. Бір екі сағат үш сағаттың ішінде уже тауысып тастайды. Себебі адамдар өте көп мөлшерде келеді.

Қазақстан қант өндіруге қажетті шикізатты шет мемлекеттерден сатып алады. Ресейге санкция салынбай тұрып, біздің елге қант шикізаты  теңіз көлігімен Латын Америкасынын Ресей порттары арқылы ешбір кедергісіз және қосымша шығынсыз келетін. Ал, қазір отандық қант зауыттарына шикізат Грузия еліндегі Батуми порты арқылы жеткізіп жатқан көрінеді.

Қуаныш ҚАРҒАБАЕВ, «МЕРКІ ҚАНТ ЗАУЫТЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Қант экспортын Ресей жапты бізге Қазақстанға. Бізге қант проблема болды. Сол үшін біз де зауытты іске қостық. Қазіргі кезде 440 теңге біздің бағамыз. Біз шикізатты Бразилиядан алып келеміз ғой. Сондықтан өзіндік құны сондай болып шығып жатыр.

Өңірде қанттың тұтыну теңгерімі бойынша айлық қажеттілігі 1800 тонна екен. Оның ішінде 1600 тонна облыс халқына, ал 200 тонна кәсіпорындардың қажеттілігі. Бүгінде қорда бар-жоғы 208 тонна тәтті ұнтақ бар дейді мамандар. Сонымен қатар жуықарада Үндістан мемлекетінен квота арқылы 800 тонна құмшекер келеді. Оның бағасы 600 теңге шамасында болады дейді. Айта кетейік Шу ауданында үлкен қант зауыты салынып жатыр. Оны 2024 жылы іске қосу жоспарланған.

Б. Жұмабайұлы