Ұлытау облысы қарқынды дамиды. Әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, халықтың әл-ауқаты артады. Жаңа географиялық аймақтың әкімі Берік Әбдіғали облыстың даму жоспарын Президентке жан-жақты таныстырды. Өңірде қордаланған мәселе көп. Оларды рет-ретімен шешу көзделуде. Тұрғын-үйлердің 33 пайызы ескірген. Қазір баспаналарды жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 2022 – 2023 жылдары қаланың жаңа ауданында көп қабатты 20 тұрғын үй салу жоспарланған. Әкім экономиканы әртараптандыру ісін жеделдету үшін арнайы экономикалық аймақ құру қажет екенін атап өтті. Ол үшін әуелі ауыз су мәселесін шешу керек. Үйтас – Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталады, ал Жезқазған қаласына Есқұла құбырымен су тарту 2023 жылы басталады. Жол мәселесі де ерекше назарда.
Берік ӘБДІҒАЛИ, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бізде Жезқазған-Қарағанды жолы ғана бар. Бірақ республиканский Қызылорда жол Азиатский банк развития бастады, міне, 208 км - 90 миллиард. Бірақ бағаның өсіп кетуіне байланысты тоқтап тұр. Біз үкіметпен сөйлестік, олар қосымша 30 миллиард Азиялық банктен қабылдап осы биыл корректировканы күтпей бастай берсе деген. Өйткені оған халық алаңдап отыр. Негізі бізде болашақта үлкен осы Қызылордадан көптеген стройматериалдар шығады, жеміс-жидектер біздің қалаға келсе үлкен пайдасын тигізеді.
Президент өңірді дамыту жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын айтты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажет екенін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне жол мәселесіне, экологияға, білім саласын дамытуға күш салуды тапсырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қордаланған мәселелерді қалай шешу керектігін ойланыңыздар. Үкіметке шешу жолдары механизмін ұсыныңыздар. Қала барлық жағынан тартымды болуы тиіс. Жаңа қолжетімді тұрғын-үйлер салынса құба-құп болмақ. +Әлеуметтік мәселелер шешімін табуы тиіс. "Қазақмыс" компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын. 25,4 миллиард теңге мұндай ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартуымыз керек.
А. Шамшидин