Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

«JASA KIDS» әлеуметтік жобасы Петропавлдағы балалар үйінің 40 тәрбиеленушісіне Алматыға 7 күндік саяхат ұйымдастырды

AstanaTV
21.06.2022ж. 20:00
2175
«JASA KIDS» әлеуметтік жобасы Петропавлдағы балалар үйінің 40 тәрбиеленушісіне Алматыға 7 күндік саяхат ұйымдастырды

Петропавлдағы балалар үйінің 40 тәрбиеленушісі Алматыда  7 күн саяхат жасайды.  Қайырымдылық сапары «JASA KIDS» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылуда.   Саяхат барысында балалар үшін қызықты да пайдалы бағдарлама ұйымдастырылған.

Бұл -«JASA KIDS» әлеуметтік жобасының алғашқы шарасы. Ұйымдастырушылар Петропавл қаласындағы 3 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қуаныш сыйлады. 11-ші сыныпқа аяқ басқан Темірлан Түнқатаровтың  әсері ерекше. Жасөспірімді әсіресе,  табиғат мұражайындағы динозаврлар мен палеонтология тарихы қызықтырған.  

Темірлан ТҮНҚАТАРОВ, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

Мен кеше Алматы  қаласына келдім. Өте ұнайды, өте әдемі қала: табиғат, архитектура. Музейге келдім, жануарлар туралы ұнады. Динозаврлар тарихы ұнады.


Жобаның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру, туған табиғатын танып білуге және қорғауға шақыру – дейді ұйымдастырушылар. Мұражайдың қызметкерлері де  мұндай шараларды қолдайтындарын жеткізді.

Гүлнұр СЫРАШ, «ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ» ТАБИҒАТ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бүгінгі шарада балалар өз ынтасымен, өз зейінін қойып тыңдады. Олардың тыңдауға тұрарлық экспонаттар барлығы. Біздің еліміздің құнды экспонаттары барлығы.

Мұражайдан кейін балалар ұлттық саябақтарға барды. Одан бөлек,  білім беру бағдарламаларына қатысып, танымал тұлғалармен кездесу жоспарланған. Тәрбиеленушілердің арасында Алматыға алғаш рет келгендер де бар.

Ельдар ӘБДІРАХМАНОВ, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

Алматыға бірінші рет келіп тұрмын. Бұл ең үлкен және әдемі қала. Тауға мінгенде барлық Алматы көрініп тұр. Таудың үстінде қар. Сосын музейлер, динозаврлар ұнап тұр. Көшелерде жүргенде көп знаменитостьтар бар. 
 

«JASA KIDS» әлеуметтік жобасы «Союз Жаса» қоғамдық қорының негізінде құрылған. Ұйымдастырушылар бұл жобаны тұрақты түрде жүзеге асырып, Қазақстандағы балалар үйі институтын кезең-кезеңімен жоюды көздейді. Әр баланың қоғамда өз орнын табуы басты қалаулары екендігін айтады.

Денис ЛУКЯНЧУК, «JASA KIDS» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

Балалар үйін таңдау барысында, Петропавл қаласының тәрбиеленушілерін қыдыртайық деген шешімге келдік. Себебі, мұндағы балалар өзге қалаға, тіпті, үйлерінен асып ешқайда бармаған. Сондықтан, оларға әсем Алматыны көрсетейік деп шештік. Балаларға барлығы өз қолдарында, тек өздеріне өзі сеніммен қарасын дегіміз келеді.   

Мұндай шара алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Тамыз айында Павлодар қаласындағы тәрбиеленушілер Ақтауға барады.  Сондай-ақ, ұйымдастырушылар балаларды шетелге шығару да жоспарда бар екенін айтады.

М. Жақан