Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Павлодарда 24 миллионға салынған ауылдық мәдениет үйі құлайын деп тұр

Павлодарда 24 миллионға салынған ауылдық мәдениет үйі құлайын деп тұр

Павлодарда  24 миллион теңге салынған ауылдық мәдениет үйі құлайын деп  тұр. Қабырғасы шытынап, едені опырылып кеткен. Небәрі 4 жылда  ғимарат апатты күйге түскен. Ал  ауылда халық бас қосатын  орын жоқ. Шалғадайғы Ақши ауылы тұрғындарының мұң-мұқтажын тілшіміз Өзгеріс Қуанар жеткізеді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қазынадан қырауар қаржы бөлінген клубтың қазіргі жағдайы осындай. Құлауға  шақ қалған. Қабырғасы үгітіліп жатыр.

Мәдениет үйі осыдан 9 жыл бұрын салынған.  Құрылысына қазынадан 24 млн теңге бөлінген. 4 жыл болмай жатып, апатты күйге түскен.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, клубтың бұндай күйге түсуіне іргетасының дұрыс  қаланбауы себеп болған. Өйткені, Ақши ауылында  жерді 1 метр қазса, астынан су шығады.  Құрылысшылар жердің ерекшелігін ескермей, іргетасты судың үстіне салды – дейді.

Жомарт АХМЕДИН, АҚШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Іргесі жарылып, арасына қол сыйы кетеді. Технологиясы бәрі дұрыс емес. Связка жоқ. Іргесі сыртқы облицовкасы бәрі құлап, құлап, ауылдың жастары өздері істеді. Сондай сапасыз құрылысыты келіп, қабылдап алып, тапсырыпы жіберді.

Бақыт ЖӘМИЕНОВ, АҚШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Клуб болғанда жақсы еді. Бір жағдайымыз болса, шешілетін. Жастар өсіп келеді қазір. Бір праздник бір нәрседе жиналайын десең орын жоқ.

Жергілікті билік мәселеден  хабардар. Алайда, олар қолдан келер қайран жоқ – деп, жайбарақат отыр.

Руслан МҰҚАШЕВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жерде геодезия өткізбеген. Үлкендер келіп айтақан екен. Мына жерді фундамент қазбай үстіне салыңыздар. Өйткені, біздің су жақын деген. Құрылыс бөлімі жоқ, біз проектпен салды деген. Проектіге сәйкес алғандықтан, су жақын болғандықтан, астындағы фундамент кетіп қалған.
 
Аудан әкімдігі мердігерді сотқа берген. Сот ғимаратты қалпына келтіру туралы шешім шығарды.  Алайда, шенділер ауылдық клубты салған мердігерді таппай қалған. Ал ғимарат түкке жарамай тұр. Оны  қайта салу үшін кепілдік мерзімінің  аяқталғанын күту керек.

Ө. Қуанар