Алматы облысы Қызылсоқ ауылының тұрғындары таза суға зәру. Дәл қазір олар мал ішетін бастаудың және құдықтың тұзды суын ішіп отыр. Елдімекенде мұнан өзге де мәселе жетерлік. Ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын тілшіміз Мөлдір ЖаҚан жеткізеді.
Қызылсоқ ауылының тұрғындары "Алматы қаласынан небәрі 50 шақырым жерде орналасса да, бұл-ұмыт болған ауыл" деп ашынады. Елдімекенде проблема көп. Ең басты мәселе – ауыз су. Трішілік нәрін халық бастаудан не құдықтан алып ішуге мәжбүр. Тұзды суды ішіп, әбден ауру болдық дейді халық.
Юрий ПОПОВ, ҚЫЗЫЛСОҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
10 шақты әкім ауысқан шығар, бірақ мәселе сол қалпы. Барлығы осы жерге келіп, уәдені үйіп – төгіп береді де қояды, сонымен іс бітеді. Мына жердің астындағы суды ішу мүмкін емес. Ол тұзды. Онымен, тіпті, бау-бақшаны да суғаруға болмайды.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Мына су тартқыш осыдан 7 жыл бұрын салынған. Тұрғындар бірден үйлеріне құбыр өткізіп, ауыз суды асыға күткен. Алайда, дегендеріне жете алмаған. Биыл тоқтап тұрған жұмыс тағы да өз жалғасын тапқан сияқты. Бірақ халық ауыз суға қол жеткізетіндеріне әлі де сенімсіз.
Саят МЕДЕУОВ, ҚЫЗЫЛСОҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Шланганы қаптайтын трубалар, солардың бәрін салып, көмдірдік. Сонымен, жүз мыңнан астам ақша шықты. Суды қосамыз,- деді олар. Счетчик сатып алыңыздар,- деді. Оны да сатып алдық. Осы бір - екі күнде айтамыз, қосамыз деген, жоқ су. Ештеңе де жоқ.
Кербез Сүртаева – сегіз құрсақ көтерген көпбалалы ана. Бала болған соң, ауырмай тұрмайды дейді,- ол. Ал ауылда, медициналық пункт жоқ. Ем алу үшін көрші ауылға баруға тура келеді. Не ойын ойнап, уақыт өткізетін алаңқай жоқ. Амалы қалмаған балалар күні бойы бірнеше ауылды біріктіретін тасжолдың үстінде, жүйткіген көліктердің арасында жүреді. Қанша рет талап етсек те, жол кедергілері қойылмады дейді.
Кербез СҮРТАЕВА, ҚЫЗЫЛСОҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Енді бұл жерде ештеңе жоқ. Мед пункт та жоқ, не детский площадка жоқ, не жолымыз да дұрыс емес, газ да жоқ, не су дұрыс емес. Тұзды су ішкеннен бүйрегіміз ауырады, өзімнің қызымның да бүйрегіне тұз жиналды осы суды ішкеннен.
Жергілікті әкімдіктегілер тұралап қалған мәселелердің қашан шешілетінін айта алмады. Газ жүйесін өткізу үшін инвестор табу қажет дейді. Алдағы уақытта ауыз су құбыры жүргізіліп, балалар алаңқайы салынады деп сендірді. Айтуларынша, кемінде 30 абонент үйге су жүйесін тарту керек. Сонда ғана су беріледі.
Қуаныш СЫРЛЫБАЕВ, ҚАРАСУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі таңда Майбұлақ су құбырының теңгеріміне өтуге байланысты құжаттар дайындалуда. Осы Қызылсоқ ауылының 30 абонент ауыз су жүйесін үйге кіргізуге өтініш берген. Он үй кіргізген қазіргі таңда.
Қызылсоқ ауылының халқы әр жылды үмітпен өткізеді. Шенділердің уәдесінен шаршаған олар, мәселе енді шешілмесе басқаша қадам жасайтындарын айтады.
М. Жақан