$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қаржы пирамидаларына заң күшейтіледі

AstanaTV
28.06.2022ж. 20:00
1157
Қаржы пирамидаларына заң күшейтіледі
Енді қаржы пирамидасын құрған, оны басқарған тіпті жарнамалаған кез-келген адам Заң алдында жауапқа тартылады. Сенаторлар бүгін арнайы құжатты қабылдады. Демек, талайды сан соқтырған қаржы алаяқтарымен күрес күшеймек. Сенат отырысына қатысқан әріптесім тақырыпты тарқатады.

Қазір қаржы пирамидаларының түрі өте көп. Тіпті санынан да, атынан да жаңылысуға болады. Дегенмен ресми деректерге сай, 2019 жылы қаржы пирамидаларының саны бар болғаны 24 болса, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 180-ге жеткен. Ал биылғы жылдың 5 айында барлығы 225 заңсыз қаржы пирамидасы анықталып, құқық қорғау органдары 425 қылмыстық іс қозғаған.

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Барлығы 158 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 53 адам сотты болған. Осы ретте заңсыз әрекеттердің әсерінен азаматтардың әлеуметтік әлсіз топтарына залал келтіріліп, қоғамда наразылық тудырғанын атап өту қажет.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша қазіргі күні Қазақстан бойынша қаржы пирамидаларынан 31 мың азамат зардап шегіп отыр. Азаматтарға келген жалпы шығын көлемі 200 миллиард теңгеден асады. Бүгінгі күні 38 қылмыстық іс бойынша бірнеше азамат жауапқа тартылуда.

БЛИЦ:

- Бұл енді ақша істеу ғой негізі.  Басқа біреудің қалтасына кетеді. Ал мен сенбеймін оған.

- Дұрыс емес нәрсе. -Өзіңізге ұсынғандар болды ма? - жоқ мен ондайдан аулақ жүремін.

- Пирамидалар болды, бар, әлі болады да. Тек адамдар сәл баспен ойланулары керек.


Құзырлы ведомство келеңсіздікті тоқтату үшін арнайы Заң жобасын әзірледі. Оны Парламент мақұлдады. Енді халықты қан қақсатқан қаржы пирамидаларын құратын, әрі оларды жарнамалайтындардың жазасы қатаңдатылмақ. Сенат төрағасы қаржы пирамидалары бүгінгі қоғамның өзекті проблемалардың біріне айналғанына тоқталды.  

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қабылданған заңдарда қаржы пирамидаларының жарнамасын қылмыс деп тану және оларды құрып, басқарғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделген. Бұл заңдар азаматтарды заңсыз қаржы және инвестиция жобаларына тартудан қорғауды күшейтеді. Сондай-ақ жаңа нормалар қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтар арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендетеді деп сенеміз.

Сонымен қатар, жаңа құжат қылмыстың ара-жігін ажыратып, жасалған құқық бұзушылыққа ұқсас қылмыстарды анықтауға мүмкіндік береді.
 
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Бұл заң жобасы азаматтарды заңсыз қаржы және инвестиция жобаларына тартудан қорғайды. Сондай-ақ жаңа нормалар қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтар арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендетеді дейді сенат төрағасы. 


А. Базарбай