Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбеде құрылыс кешеуілдеп жатыр

AstanaTV
30.06.2022ж. 20:00
1114
Ақтөбеде құрылыс кешеуілдеп жатыр

Ақтөбеде жетпістен астам үлескер екі жылдан бері пәтер кілтін ала алмай жүр. Құрылыс компаниясы осы күнге дейін қатар тұрған үш үйдің біреуін ғана тұрғызған. Қалған екеуінің іргетасы да құйылған жоқ, дейді жағдайға наразы жұрт. Ал, компания басшысы жоспардың бәрін пандемия құртты деп ақталып отыр. Ол бірінші үйдің үлескерлері осы жаздан қалмай, көшеді деп кезекті рет уәде берді.

Ақтөбедегі алғашқы смарт-үй деген атағына қызыққан тұрғындар 3-4 жыл бұрын үлескер ретінде үй құрылысына ақша сала бастаған.  Кейбірінің қолына пәтерлер 2020 жылдың жазында дайын болады деген келісім-шарт ұстатқан. Бірақ, уәде етілген пәтерлер әлі дайын емес. 9 қабатты үйдің құрылысы бітпей жатыр.

Кира СЕРІК, ҮЛЕСКЕР:

«Алаш орда» тұрғын үй кешенінде екі пәтерім бар. Екінші және үшінші секцияда. Үшінші секциядағы монолит үй салынып тұр. Келісім-шарт бойынша, ол былтыр тамыз айында тапсырылуы керек. Бір жыл өтті, жұмысы әлі бітпей жатыр. Екінші секциядағы пәтерім өткен жылдың желтоқсанында дайын болуы тиіс еді. Қазандығын енді бастап қазып жатыр. Іргетасы құйылған жоқ!

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:  

Тұрғындар бұл үйге бір жарым жыл бұрын көшіп баруы тиіс еді. Алайда, үйдің тек қабырғасы қаланып, кейбір жерде терезесі салынған. Ал, ішкі әрлеу жұмыстары әлі басталмаған да.

Гүлбаршын ТЕМІРТАЕВА, ҮЛЕСКЕР:

Стяжкасы небары 5 этажда ғана істелініп тұр. Отоплениесі жоқ. Котельный әлі істелінген жоқ. 3-4 айдан кейін жылу маусымы басталады, сонда біз қай кезде кіреміз?

Үлескерлер компания кеңсесіне жиі барамыз дейді. Ондағылар барған сайын үйді келесі айда аяқтаймыз деп шығарып салатын көрінеді. Көнбегендерге тіпті пәтер ақшасын қайтаруды ұсынған.  
 
Қайрат ӘЛІМБАЕВ, ҮЛЕСКЕР:

Ақшаны қайтарам десеңіз, сізге қайтарамыз дейді. Бірақ сол ақшаға 2019 жылы басқа үй алуға болатын еді, биыл ол ақшаға ештеңе ала алмайсың, тіпті бір бөлмелі ала алмайсың.

Ал, құрылыс компаниясының басшысы үйдің осыншама кешігуіне пандемия себеп дейді. Одан бөлек, құрылыс материалдарының қымбаттауы да құрылысты тежеп отыр деп ақталды. Бірақ, үш үйдің біреуін осы жаздан қалмай, тапсырамыз деді.

Нұрбек БАЙҒҰТТИЕВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Пәтер иелері осы жазда көшіп барады. Бірінші подъезде тұратындар шілденің аяғында үйлеріне кіреді деп нақты айта аламын. Ал, екінші подъезд тұрғындары сәл күтуі керек, кілттерді 2-3 аптаға кешігіп, тамыз айында тапсырамыз.


Құрылысшының  құр уәдесіне тойған үлескерлер бұл жолы да оған сене қойған жоқ. Үйге салған ақша қайтпай қала ма деп алаңдаған  жұрт енді сотқа жүгінеміз дейді.

Г. Сейтенова