Ақтөбе қаласының тұрғыны Атырауда элиталық пәтерлерді жалға беремін деп жұртты алдаған. Әлеуметтік желі арқылы бірнеше мөлтекауданда пәтерім бар деп жарнамалап, қолайлы бағаға ұсыныпты.
Арзан бағаға қызығып келгендерден алдын ала 50 процент ақша алатынын ескертіп, өзінің, ұлының, жақын-туыстарының есепшотына аудартып отырған. Алаяқ келіншекке тек атыраулықтар емес, Нұр-Сұлтан, Тараз, Алматы, Қарағанды, Қостанай қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да алданғаны анықталды. Қазір 42 жастағы әйелге қатысты 20 дерек дәлелденген. Тергеу соты алдымен үй қамаққа қалдыру туралы шешім шығарған. Бірақ ол талапты орындамай Ақтөбе қаласына тайып тұрған. Адамдарды тақырға отырғызған әйелді полиция тауып әкеліп, екі айға қамады.
Дана ТІЛЕК, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАМАНЫ:
Атырау қаласынан элиталық пәтерлерді қолайлы бағаға жалға беремін деп азаматтардың сеніміне кіріп, олардан алдын ала ақша алған 1980 жылы туған ақтөбелік тұрғынға қатысты 20 дерек дәлелденді. Олардың 9-ы атырауық тұрғын болса, қалған 11-і республиканың басқа облыстарының тұрғындары болып шықты. Қазіргі уақытта 42 жастағы күдікті әйелге қатысты ҚР ҚК 190 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Б. Надірқызы