$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Темір жол саласы қызметкерлері арасында жазатайым оқиға екі есе қысқарды

AstanaTV
04.07.2022ж. 20:00
2574
Темір жол саласы қызметкерлері арасында жазатайым оқиға екі есе қысқарды

Еліміздің темір жол саласы қызметкерлері арасында жазатайым оқиға екі есе қысқарды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы»  компаниясы мәлімдеді. Ұлттық тасымалдаушы кәсіпорын өндірістік қауіпсіздік мәселесі бойынша қарқынды жұмыс істеуде. Тіпті, ол үшін арнайы мобильді қосымша әзірлеген.  

Мобильді  қосымша арқылы теміржолшылар бір-біріне жазатайым оқиғалар мен түрлі жарақаттардан қашып құтылудың әдістері туралы хабарлай алады. Ол екі жыл бұрын әзірленген. Сонымен қатар, мобильді қосымша жұмыс орнындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы қызметкерлерге күн сайын ескертіп тұрады.
 
Батыр КОТЫРЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ БАС ИНЖЕНЕРІ:

 
Егер компанияда 110 мыңнан астам қызметкер болса, оның 100 мыңнан астамы өндірістік қауіпсіздіктің мобильді қосымшасымен жұмыс істейді. Мысалы, қандай да бір аймақта қауіпті жағдай орын алса, 24 сағаттың ішінде осы 100 мың қызметкердің әрқайсысы бірден өзінің мобильді құрылғысынан оқиға туралы толыққанды ақпарат алады.
 
Мұндай алдын-алу шаралары пойыз құрастырушылары мен жөндеушілерге өте қажет. Себебі, теміржол саласындағы дәл осы мамандар бүгінде ең қауіпті және жиі жарақат алатындардың тізіміне кіреді.  Алдағы уақытта машинист, вагон тексерушілер мен вагон операторлары үшін де арнайы мобильді қосымша енгізу жоспарлануда.

Бауыржан ҚАРТАН, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ АТЫРАУ қ. БАС ИНЖЕНЕРІ:

Әр мекеменің өндірістік көрсеткіштерінің жоғары болуы қызметкерлерге еңбек жағдайын жасап, оларға еңбек жағдайын туғызған жағдайда ғана біз еңбек көрсеткіштерінің жоғары көрсеткіштеріне ие боламыз. Бұл бағытта біздің «Қазақстан темір жолында» көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Біздер бас инженерлер осы жергілікті мекемелерде қолға алынып жатқан көптеген істерді атқаруға үлес қосып жүрміз.

Жалпы, теміржолшылар үшін қызмет барысында қауіпсіздікті сақтау және қырағылық таныту ерекше маңызды. Ал қауіпті оқиғаның алдын алған қызметкерді компания басшылығы жоғары бағалайды. Мұндай жағдайда қызметкерге отбасымен демалу үшін үш миллион теңге мөлшерінде сыйақы беріледі.

М. Жақан