Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтөбеде ата-аналар мен педагогтар екі колледждің біріктірілуіне қарсы

AstanaTV
07.07.2022ж. 20:00
1434
Ақтөбеде ата-аналар мен педагогтар екі колледждің біріктірілуіне қарсы

Ақтөбедегі байланыс және электротехника колледжінде шу шықты. Колледж жаңа оқу жылынан бастап теміржолшы мамандарды даярлайтын оқу орнымен біріктірілмек. Бұл жаңалық студенттерге, олардың ата-анасы мен ұстаздар қауымына ұнай қойған жоқ. Ата-аналар наразы, ал педагогтар екі ортада жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдайды. Білім басқармасындағылар болса жайбарақат отыр.

Ақтөбе байланыс колледжі радиоэлектрика және  телекоммуникация саласында мамандар даярлайтын аймақтағы ескі, әрі жалғыз оқу орны. «Колледждің материалдық-техниалық базасы мықты, орналасқан жері - ыңғайлы, мұғалімдері білікті деп балаларымызды осы жерге оқуға бердік», дейді ата-аналар. Енді келер оқу жылында білім ордасы түгелімен қаланың басқа ауданындағы көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне көшірілмек.  

Ақбота ҮМБЕТОВА, АТА-АНА:
 
Мен түбегейлі қарсымын  теміржол колледжге ауысқанына, себебі ол теміржол колледж деген жас кезімізден естіп келе жатырмыз,  өте нашар деп айтпай-ақ қояйын, төбелес, сондайлар көп. Менің ер балам бар, мен қорқамын.

Света БОЗШИНА, АТА-АНА:

Баламыз бірінші курста осы колледждің табалдырығын аттап, кірді ме, осы колледжде бітіргенін қалаймын, басқа колледж жаман деп тұрған жоқпын, бірақ өзіміз үйренген, балаларымыз мұғалімдерге үйренген жерінен оқып бітіргенін қалаймын. Қосыла қалса, баламды темір жол колледжіне жібермеймін!

Бұл жаңалық колледж оқытушыларының да төбесін жай түскендей әсер қалдырған.  Екі оқу орнының біріктірілуі жөнінде ұжым, еңбек демалысына шығар алдында ғана хабарланған. Сексеннен астам қызметкер жаңа оқу жылында жұмыссыз қаламыз ба деп уайымдайды.  

Жеңісбек БАҒЫМБАЕВ, АҚТӨБЕ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОТЕХНИКА КОЛЛЕДЖІ КАДР БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

1-шілдеде бүкіл состав отпускке кетті. Сол уақытта ғана хабарлады. Оған дейін ешкім ештеңе білген жоқ! Екі колледж біріктірілген жағдайда ол жердің өз қызметкерлері, оқытушылары бар осыған дейін жұмыс жасаған. Олар екі колледж біріктірілгенде осы колледж келіп жатыр екен деп өз лауазымын босатын бермейді ғой. Нақты жауап бере алмай отыр білім басқармасы жұмыспен қамту жайында.

Әкімдіктегілер екі оқу орнын бір-біріне қосу – мәжбүрлі қадам екенін айтты. «Колледждерде жыл өткен сайын студенттер саны азайып бара жатыр, ғимараттар жартылай бос тұрғанша, ықшамдап, басқа қажеттілікке пайдаланайық деп шештік»,  дейді білім басқармасының өкілі. «Бұдан оқу процессі өзгермейді, өзгеретіні тек – колледждің мекен-жайы», деп отыр.   

Дина ЖАМАНБАЕВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2 білім беру ұйымын қосылған жағдайда ештеңе өзгермейді. Мұғалімдердің сағат саны сақталады, яғни жүктемесі толығымен сақталады. Себебі, екі колледждегі мамандықтар сол күйінде сақталады. Бұған дейінгі контингенті, бала саны, мамандықтардың барлығы сақталады. Сол себепті ешқандай қысқарту болмайды!

Байланыс колледжі орналасқан ғимаратта не болатынын білім басқармасындағылар айта алмады. Дейтұрғанмен олардың бұл шешіміне наразы ата-аналар, балаларын оқудан шығарып алмақшы.

Г. Сейтенова