Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Киік ату қыркүйектің 15-інде басталады

AstanaTV
07.07.2022ж. 20:00
1362
Киік ату қыркүйектің 15-інде басталады

15-ші қыркүйектен бастап, киікті ату науқаны басталады. Экология министрлігі осындай тоқтамға келген. Министрлік жануардың етін өңдеп, бағалы мүйіздерді сақтаймыз дейді. Жалпы ақбөкендерді атуға қатысты қоғамда пікірлер екіге бөлінді. Ал, қоғам белсенділері биліктің бұл шешімімен мүлде келіспейді.

Экология министрлігі басқа амал жоқ болғандықтан осындай шешім қабылдағандарын айтады. Шамадан тыс көбейіп кеткен киіктер жайылымдарды таптап, малға азық қалдырмаған. Шығын көрген фермерлерге өтемақы төлейтін ақша жоқ деді.   

Әлия ШАЛАБЕКОВА, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қазір қаражат жоқ екенін ескере отырып, кез-келген мәселені өтеу өте қиын. Сондықтан ауылшаруашылық алқаптары қазіргідей зардап шекпес үшін, осындай шешім қабылдадық. Киіктердің де популяциясын сақтап қалғымыз келеді.

Күні кеше ғана ақбөкендерді браконьерлерден қорғап, өзі құрбан болған инспекторлардың ерлігін ешкім ұмытқан жоқ. Осылай деген эко-белсенді министрліктің шешімі киіктердің жолында мерт болғандардың отбасыларына жасалған әділетсіздік деп санайды.

Сәкен ДІЛДАХМЕТ, ЭКОБЕЛСЕНДІ:

Киіктердің қазіргі саны үлкен еңбек пен адамның қанымен келді. Мен, сондықтан қарсымын. Халықтың есінде, адамдар осы киіктерді қорғап, қаза тапты. Осы шешімнің кесірінен қоғам арасында үлкен шу болады. Биліктегілер бұны ескеру керек еді.

Зоологтарда киіктерді атуға "асықпаңдар" дейді. Себебі, биыл көп төлдеген ақбөкендер, келесі жылы қанша болатыны белгісіз.

Михаил ШПИГЕЛЬМАН, ЗООЛОГ:

Олар қыс пен көктемде аман қала ма ешкім нақты  білмейді. Қыста шөп болмайды, аязды далада ақбөкендер аштықтан қырылады. Киіктердің де ауыратын кездері болады. Аурудан да қырылады. Ертең не болатынын ешкім нақты айта алмайды.

Бірақ министрлік шешімін өзгертпейтін секілді. Қыркүйектің 15-інен бастап, ақбөкендерді атуды бастайды. Етін ет комбинаттарына өткізіп, мүйіздерін жинамақшы. Бірақ, заң бойынша киіктердің бағалы мүйіздерін сатуға тыйым салынған. Демек жиналған мүйізді не істейтіні әзір белгісіз.  

А. Базарбай