Павлодар облысында сібір жарасы
белгілері бар тағы бір адам ауруханаға түсті. Осылайша, індетті жұқтыруы мүмкін
деген науқастардың саны 3-ке жеткен. Денсаулық сақтау басқармасы сырқаттардан
алынған қан тексерісінің қорытындысын жариялады. Бірақ бұл істегі соңғы нүктені
бактериологиялық сараптама қоймақ. Облыстың штаттан тыс бас
эпидемиолог-дәрігері Гүлмира Құлмағамбетованың сөзінше, қазірде олар тиісті
емшараны қабылдап жатыр.
Гүлмира Құлмағамбетова,
Павлодар облысының штаттан тыс бас эпидемиолог-дәрігері:
Қазіргі уақытта екі пациенттің
халі орташа. Ал біреуінің жағдайы ауырға жақынырақ. Сондықтан ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Бұл күдік
емес. Нақты расталған жайт деуге болады. Өйткені клиникалық жағынан да,
эпидемиологиялық, лабораториялық жағынан да - бұл сібір жарасы болып табылады.
Бүгін ауру тараған Ертіс
ауданының Ұзынсу ауылында төтенше жағдай жарияланды. Облыстық
санитарлық-эпидемиологиялық қызметі мен ұлттық референттік ветеринарлық
орталығы жүргізген сараптама дерттің «сібір жарасы» екенін растады.
Эпидемиологтар індеттің сойылған сиырдан тарағанын анықтап отыр. Әзір бақылауға
алынған басқа малдан ауру белгілері байқалмаған.
Анықталғандай, маусымның
27-сінде мал иесі жайылымда ауырған сиырды сояды. Кейін белгілі болғандай, бұл
шара ветеринарлық куәләндірусіз жүргізілген. Қазірде қарым-қатынаста болған 42
адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Оның алтауы - 1 мен 13 жас аралығындағы
бала. Сойылған сиыр 117 келіні тартып, ет Ертіс ауылындағы дәмханалардың біріне
тапсырылады. Мамандар 50 келіден астам
ет қалдығын тәркілеп, бордақыланған аумақ пен өнім сақталған жерлерде
зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізді.
Рашид Нұрбеков, Павлодар
облысының бас мемлекеттік ветеринарлық инспекторы:
Елді мекен аумағы жыртылды.
Зарарсыздандыру бекеттері орнатылып, шлагбаум қойылды. Санитарлық вагондар бар.
Барлық малға қайта екпе салынды. Әзірге жануарлардың клиникалық жағдайы
қанағаттанарлық.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ