Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Тараздықтар қою түтіннен денсаулығымызға зиян келді дейді

AstanaTV
12.07.2022ж. 20:00
2010
Тараздықтар қою түтіннен денсаулығымызға зиян келді дейді

Тараздағы алып өндіріс «Қазфосфат» зауытында техникалық апат болып, одан шыққан қою түтін қала көшелеріне жайылды. Облыстық экология департаментінің мамандары кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатпақ. Себебі, ауаға зиянды күкірт сутегінің мөлшері шамадан тыс тарап кеткен көрінеді. Бұл жағдай тәулігіне екі рет қайталанған. Ал, зауыт өкілдері олқылықты қалпына келтіріп қойды, тіпті түтіннің адам ағзасына еш зияны жоқ деп ақталды. Қою түтінге тұншығып, тамағы ашып, тынысы тарылған тараздықтар екі кештің ортасында не болғанын түсіне алмай дал.

Кеше кешкі сегізден кейін табан асты қаланың батыс бөлігі мен орталығын қою түтін басып, бұқараның зәре құтын қашырды. Не болғанын түсіне алмаған жұрт, айналасын ұялы телефондарына түсіріп желіге жүктеді. Тіпті бас сауғалап үйлеріне қаша жөнелген. Артыншы құзырлылар іргедегі Қазфосфат зауытында төтенше жағдай орын алғанын хабарлады. Құбыр істен шығып, құрылғы бұзылған. Осының салдарынан кәсіпорындағы тұтас бір цех жұмысын тоқтатты. Қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Арман ҚАРАҒАЛИЕВ, «ҚАЗФОСФАТ» ЖШС БАС ЭКОЛОГЫ:

Күкірт оксидтері бар. Бірақ оның өз мөлшері болады ғой. Санитарлық аумақтарды қаланың маңында ондай өзінің мөлшерінен асып кеткен жағдайы болған жоқ. Құбырларды да зерттедік. Ол тек қана біздің лаборотория емес, мынау экология департаментінің лабороториясымен қосылып жасалған болатын.


Жайылған қою түтінге қатысты арнайы құрылған жұмыс тобының қорытындысымен көпшілік келіспейді. Себебі, кешелі-бері тұрғындардың тамағы ашып, көздері жасаураған.

БЛИЦ:

- Зияны болды ғой. Дышать трудно стало. Тамағың жыбырлайды. Көзің ашиды+Зиянды емес дегенге сенбеймін.

- Бұл ақпаратты енді халық шуламау үшін, кішкене тыныштандыру үшін ғана басып айтқан шығар.

 
Ал облыстық экология департаментінің мамандары  зауыт сыртынан сынама алған. Күкірт қышқылының шамадан тыс ауаға тарағанын анықтап отыр. Алайда алып өндіріс ошағының ішіне кіріп тексеріс жүргізуге қауқарсыз. Оған прокуратураның келісімі керек деді.  

Серік НҰРБАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Санитарлық қоғау аумағынан сынама алынып ол жерде күкірт сутек зиянды заттар анықталып, нормадан тыс асқаны анықталды. Қазіргі таңда жоспардан тыс тексеру әзірленуде. Зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндегенге дейін зауыт жұмысын мүлдем тоқтататын шығармыз уақытша.

Төтенше жағдайдың себеп салдарын енді арнайы құрылған топ анықтауы тиіс. Олар алдағы уақытта жоспардан тыс тексеруді бастамақ. Тексерудің нәтижесімен жақын күндері жария етпекші.

Б. Жұмабайұлы