Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Оралда ширек ғасырдан бері қараусыз қалған жолдың құрылысы жіті бақылауда болады

AstanaTV
12.07.2022ж. 20:00
1161
Оралда ширек ғасырдан бері қараусыз қалған жолдың құрылысы жіті бақылауда болады

Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ақмая ауылының тұрғындарын егістікке барар жолдың ұзақтығы алаңдатады. Олардың айтуынша, егіс алқабының басым бөлігі «Батыс Қытай- Батыс Еуропа» автодәлізінің ауылға қарсы бетінде орналасқан. Ал онда барар төте жолдың жоқтығынан, дихандар көрші ауылдар мен аудан орталығынан айналып жүруге мәжбүр. Оралда да жолға қатысты мәселе бар. Жұүртшылық  Мәжіліс депутаттары- «AMANAT»  фракциясының мүшелерімен кездесуде осы және өзге де жайттарды ортаға салды.

Ақмаяда 3 мыңға жуық тұрғын бар. Олар  мал және егін шаруашылығымен күнелтіп отыр. Сондықтан ауыл халқы үшін жолдың жайы өзекті.

Асқарбек ЖҰМАДІЛ, АҚМАЯ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жанымызда Жаңақорған деген аудан бар. Сол жерде Сунақ ата деген жерден айналатынмыз. Мына жағын Шиеліден айналатынбыз. Екі ортада қайда есептеп санағанда 50 млн. ақша жолымызға, майымызға кетеді екен. Сосын ол жолмен шөп тасимыз ғой біздер. Ол үлкен көлікпен жүретіндіктен, ол жерден үлкен машиналар жүретіндіктен өте ауыр тірлік.

Фракция мүшелері бұған дейін де мән-жайға қанық екендіктерін айтып, халыққа сүйінші жаңалық жеткізді.

Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Индустрия министрімен өзім сөйлестім. Ол жобалардың барлығына 30 пайыз қаржы төленгенін. Алла амандық бұйыртса, осы ненің аяғына дейін бітіріп беремін деп уәде етті. Қазір халықтың, ақсақалдардың да қуанып отырғаны сол. Алыс аймақтардың барлығын аралаймыз. Себебі халықтың үлкен сенімі бар. Сол сенімді ақтау үшін біздің айтылған сөзіміз ісімізбен дәлелденуі керек.

Ал Оралда ширек ғасырдан бері қараусыз қалған жолдың құрылысы енді Мәжіліс депутатының жіті бақылауында болады. Ұзындығы үш шақырымнан асатын қаладағы ең басты көше Әбілқайыр хан даңғылы қазір күрделі жөнделуде. Бұл іске бюджеттен 646 млн. теңге бөлінген.  Бірақ қымбатшылықтың кесірінен қиындықтар туындап отыр, дейді мердігер. Өйткені қиыршық тастан бастап, жол салуға қажет материалдың бәрі өзге өңірден тасымалданады.

Жанна КЕНЖИНА, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ БАСШЫСЫ:

Қазір бізді вагон тапшылығы қинап отыр. Осының кесірінен құрылыс материалдары кешігіп жеткізіліп жатыр. Қазір материал алынатын жерден бізге қарай жалғыз пойыз қатынайды. Бұл аздай, битумға да жарымай отырмыз. Кейде олардың бізге битум тиеп жіберетін вагоны болмай қалады. Кейде кезек күтуге тура келеді. Өйткені қазір Ақтаудағы жалғыз мұнай зауыты ғана жұмыс істеп тұр. Сондықтан кезегіміз келгенін күтуге мәжбүрміз.
 
Жолды жөндеу жұмыстарымен танысқан халық қалаулысы бұл іске оң бағасын беріп, құрылыстың мерзімінен кешікпеуін қадағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ, жұмысшылардың жағдайын сұрастырып, кепілдік мерзімін де тәптіштеді.
 
Снежанна ИМАШЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АМАNАT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Үлкен проблема жол мәселесінде жоқ. Ол құрылыс жағында бар үлкен проблема. Мектептерді жөндегенде, мектептерді салғанда онда деген едәуір қымбаттаған қаражат болып кетті қазір мердігерлерге. Сондықтан олардың жағдайлары ондай жақсы емес. Жол салушылар енді өздерінің сметасына қарай салып жатыр. Жөндеу жұмыстары уақытымен, план бойынша мұнда ешқандай проблема жоқ.

Бұл жолға мердігер 5 жылға кепілдік береді. Осы уақыт ішінде қандай да бір  ақау анықталса,   кемшілікті жоюға міндетті.  

М. Базарұлы