Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Рухы мықты қайсар жандарға қолдау көрсетілді

AstanaTV
12.07.2022ж. 20:00
1546
Рухы мықты қайсар жандарға қолдау көрсетілді

Арбаға таңылған қарағандылық ерлі-зайыпты Емельяновтар көпке үлгі. Он екі мүшесі түгел болмаса да олар  еңбек етіп, тыным таппайды.  Жазда бақша егеді, күзде өнімдерін  жинап, банкі жабады. Ешкімге алақан жайған емес. Керісінше, көмек сұрағандарға қол ұшын береді. Қайсар жандардың шаңырағында түсіру тобымыз болды.

Елена мен Игорь протездеу ортопедиялық орталықта танысқан. Екеуі шаңырақ көтеріп, көңіл жарастырды. Қаладағы пәтер кезегін тастап, ауылда тұруға шешім қабылдады. Көшіп келген кезде бұл үйдің есік, терезесі де болмаған. Өз күштерімен жөндеп, айналасын тазалады. «Еңбек бәрін жеңбек» деген қағидамен көкөніс өсіруді қолға алды. Өздері жер жыртты, егін екті. Қазір олар- тәжірибесі толысқан бағбан.

Елена ЕМЕЛЬЯНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ СЕВЕРО- ЗАПАДНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менімше, міндетті түрде еңбек ету керек. Алақандай жерді алыңыз. Егін егіңіз. Жемісін береді. Солай өмір сүрген жеңілдеу болады. Қиыншылықтың бәрін ұмытасың. Керісінше, алға ұмтылып, жаңа көкөністерді өсіруді жоспарлаймыз.

Ерлі-зайыптылардың бақшасында қырыққабат, картоптан бастап, дәмдеуішке арналған шөптерге дейін өседі. Жаз бойғы еңбектерін күзде жинайды, сұрыптайды. Өңдеп, түрлі салаттар әзірлейді. Банкі жабады. Емельяновтар туралы бейнесюжетті бұған дейін де көрсеткенбіз. Еленаның аспаздық өнері де бар. Тапсырыспен түрлі дәмді тағамдар әзірлейді. Ал Игорь шаруаға мығым.  Ерекше отбасына «Аманат» партиясы қаржылай қолдау көрсетті.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

«АстанаТВ» арнасында берілген бір тамаша видеосюжет арқылы танысқан едік. Өмір сүрудің тамаша қағидаларымен өмір сүріп, адамға үлгі болып жүрген адамдар. Ол көп емес. Сондай адамзаттардың бірі біздің міне бейнебаянымыздың кейіпкері болып отырған азаматтар.  Бүгін міне «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы біз осы отбасына арнайы көмек көрсетуге келдік.

Елена ЕМЕЛЬЯНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ СЕВЕРО- ЗАПАДНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл бізге өте үлкен көмек. Үйіміздің іші-сыртын жөндеп алатын болдық. Журналистерге Рақмет! Еңбектену керек, адамдар жан дүниесімен бір-біріне көмектесуі керек. Бізге қиын болса да көмек сұрағандарға қол ұшын береміз. Сол кезде өмір сүру жеңілдей түседі.

Емельяновтар барлығын өз күштерімен істеп жатыр. Шаруасын дөңгелетуге мемлекеттік бағдарлама арқылы көмек алмаған. Аядай ауылда кәсіпті жандандырып, еңбекпен өрістеудің үлгісін танытуда.

Т.Әлжанов