Батыс Қазақстан облысындағы жолдың жартысынан астамы-сапасыз. Биыл өңірде жол салатын мердігерлердің жұмысынан 200-ге тарта кемшілік анықталған. Яғни, алынған сынаманың 20 проценті -жарамсыз.
Еліміздің өзге өңірлерінде де жағдай мәз емес. Шұрық-тесік жол, қырық жамау көше жұртты әбден мезі қылған.Талай мәрте айтылып, талай рет талқыға түскен мәселе қашан шешіледі? Тақтайдай тегіс жол салуға не кедергі? Тілшіміз Мөлдір Жақанның бейнематериалы.
Батыс Қазақстан облысы жол сапасы бойынша елімізде соңғы орында. Өңірдегі жолдардың 39% ғана талапқа сай. Мамандардың айтуынша, биыл жол салатын мердігерлердің жұмысынан 200-ге жуық кемшілік анықталған. Құрылысқа пайдаланылған битумның сапасы нашар. Ал мұндай материал ұзаққа шыдамайды.
Зауырбек ҚЫПШАҚБАЕВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» БҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
Өрескел кемшіліктер асфальт-бетон жамылғысының қалыңдығы сәйкес келмей жатады. Тығыздығы мен суға қанықтылығы осы стандарт талаптарына сәйкессіздік болып жатады. Техникалық қадағалау жұмыстары өте әлсіз. 3-5 басында эксперт жүруі керек болса, кейбір кезде біз объект басынан бір де бір инженерді таппай жатамыз.
Ал мердігерлердің айтуынша, жол құрылысымен айналысатын маман тапшы. Тіпті арнайы техниканың жүргізушілері жарты миллион теңге жалақының өзін азсынатын көрінеді.
Айдар МЕҢЕЕВ, БҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қазіргі таңда автогрейдер-машинист, жүргізушілер, геодезистер секілді техникалық мамандықтар қазір жетіспеушілікте. Мердігер мекемелер жақсы жалақы қойып жатыр. Бірақ маман жоқ. Көбі вахтада. Атырауда бәрі. 15 күн істейді. 15 күн демалады.
Алматының Розыбакиев көшесінде қазір орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар бұған аң-таң. Бір жыл бұрын магистральдық құбыр ауыстырылып, артынша жаңа жол төселген еді дейді.
Динара ӘЖІБЕКОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ойықтарға толы басқа да жолдар бар ғой. Жыл сайын бір жолды жөндей беру дұрыс емес деп ойлаймын. Басқа көшелерге де қарау керек.
Ақмейір ЖАПАНОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Менің ойымша, бір рет жақсылап жасау керек. Көп рет жасағанда, ол адамдарға ыңғайлы емес.
Ал қала әкімдігінің айтуынша, ұзындығы 6,8 шақырым Розыбакиев көшесінде соңғы орташа жөндеу жұмыстары 2009 жылы жүргізілген. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар инженерлік желілерді салғаннан кейінгі жол төсемінің отыруы салдарынан туындаған көрінеді.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ:
Тексеру кезінде жол бойында көптеген шұңқыр, ойылған жерлер, қабыршақтану және инженерлік желілерді салғаннан кейінгі жол төсемінің отыруы анықталған. Осының барлығын ескере отырып, Розыбакиев даңғылын 2022 жылғы жол жөндеу жұмыстары жоспарына қосу туралы шешім қабылданды.
Мегаполисте жалпы ұзындығы 3097 шақырым болатын 2 мыңнан астам көше бар. Биыл 224 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі дейді құзырлылар. Қалғаны келер жылдардың еншісінде. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолға қатысты жобаларды қатаң сынға алды. Ол жолдың сапасына айрықша назар аудару керектігін және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағанын атап өтті. Енді соңғы 10 жылда салынған барлық жолға тексеру жүргізіледі.
М. Жақан