Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 41,7 % - бала

AstanaTV
15.07.2022ж. 20:00
1529
Елімізде коронавирус инфекциясын  жұқтырғандардың 41,7 % - бала

Жаһанды жайлаған жұқпалы індет тамыз айында өрши түседі. Қазақстанда тәулігіне 4 мың адамға дейін коронавируске шалдығуы мүмкін.Бұл -пессимистік сценарий. Ал оптимистік болжам  бойынша күніне 1 мың жағдайға дейін тіркеледі. Министр Ажар Ғиният елдегі эпидемиологиялық  ахуалға тоқталып, омикронның алтыншы толқынына қалай тойтарыс беруге болатынын айтты.  

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент шаһарында  індетке шалдыққандар қатары қалың. Ауырған адамдардың 80%-ы егілмеген  немесе 6 ай бұрын вакцина алғандар, дейді мамандар. Коронавирустен қорғанудың жалғыз жолы- вакцинация және ревакцинация. Қазір елімізде  Pfizer вакцинасының  шамамен 300 мың дозасы бар. Күзге қарай балалар мен жүкті әйелдер үшін қосымша  тапсырыс берілмек. Ал «Казвакты» дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
 
Қазіргі уақытта Қазақстанда халықты вакцинациялау үшін вакцинаның 3 түрі бар. Ол: КазВак, Синофарм, Пфайзер.Бүгінгі таңда барлық емханаларда  қолжетімді.Қайта вакцинациялау үшін егу пункттерінде вакцинаның 1,6 миллион доза жеткізілген.Барлық өңірлерде бар.


Өткен аптамен салыстырғанда індет жұқтырғандар саны екі есе өскен. Соңғы тәулікте 1300  адамнан коронавирус анықталды. Ең көбі-Елордада. Бір күнде 353 жағдай тіркелді.   Еліміз бойынша  180 бала ем алып жатыр.  Бұл жолы инфекция жеңіл   өтуде. Министрдің айтуынша, өлім-жітім жоқ. Инфекцияның эпидемиологиясы зерттеліп жатыр. Ал шекараны жабу мәселесі де алдағы жағдайға байланысты қарастырылмақ.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Қандайда бір мемлекетте, дүниежүзінің бір елінде осы вирустың жаңа штаммы шығып жатса.Біздің елімізге  ол вирустың түрі келмеген болса.Сонда ғана шекараларда шектеу шаралары жөнінде шаралар қолданылады.

Денсаулық сақтау министрі  инфекцияның циклді және толқынды ағымы бар екенін атап өтті. Вирус  тамыз айында өршіп, қыркүйекке қарай басылуы мүмкін деген болжам бар. Ажар Ғиният коронавирусқа қатысты «жасыл», «сары» және «қызыл» аймақтарға бөлу принципінің өзгергенін айтты. Соған сәйкес кеше ғана «қызылда» болған Алматы қаласы  «жасылға» ауысты. Министрдің айтуынша, матрица ұлттық денсаулық сақтау сарапшылары мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің  қатысуымен жаңартылған.

З. Санай