Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыдағы Алғабас ықшам ауданындағы қисайған үй бұзылмауы мүмкін

AstanaTV
12.07.2016ж. 20:00
2719
Алматыдағы Алғабас ықшам ауданындағы қисайған үй бұзылмауы мүмкін

Алматыдағы Алғабас-6 ықшам ауданында 30 сантиметрге қисайып кеткен көп қабатты үй бұзылмауы мүмкін. Жергілікті билік апатты деп танып, артынан оны толықтай бұзуға шешім қабылданғанмен, құрылыс компаниясы баспанаға қазірше тиіспеуге шешім қабылдаған. Бұл туралы Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров айтты.

Оның сөзіне қарағанда, құрылыс кәсіпорны тоғыз қабатты үйді беріктендіріп, коммерциялық мақсатта саудалауы кәдік. Ал өткен аптада «Астана Құрылыс» компаниясы аталған ауданнан пәтерсіз қалған тұрғындарға арнап жаңа үйдің құрылысын бастады. Мердігерлер тұрғындарға тура осындай баспана салып, оның құрылысын биыл 1 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Қазір жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқандар өз үйлеріне 16 желтоқсаннан кешікпей орналасуы тиіс.

Бағдат Мәнізоров, Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі:

Бұрынғы апатты жағдайдағы ескі үйді жөндеуге өткізіп, өздері сата ма, көреді. Ал қаламен келісімшартқа отырды, қала тұрғындары, құрылыс компаниясы - үш жақты келісім бар. Біз бақылаймыз.

Айта кетейік, 1 маусым күні Алғабас-6 ықшам ауданында тоғыз қабатты үй қисайып кеткен болатын. Тұрғындар дереу көшірілді. Көп ұзамай қала әкімінің бұйрығымен жұмыс комиссиясы құрылып, баспана апатты деп танылды. Үйдің сапасын тексеруге Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты тартылып, тағы да 20 үй тексерілді. Алайда жергілікті билік оның қорытындысын жариялауға әлі асығар емес.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ