Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Қостанай облысында болды

AstanaTV
12.07.2016ж. 20:00
2269
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Қостанай облысында болды

Бүгін Үкімет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Премьер-министр аймақтағы бірқатар өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Солардың бірі - «СарыарқаАвтоПром» серіктестігі.

Кәрім Мәсімов кәсіпорынның өндірістік алаңында болып, елімізде құрастырылып жатқан автокөліктердің ерекшеліктерімен танысты. Премьер-министрге мұндағы электрокөліктердің алғашқы легі көрсетілді. Қуаты 250 шақырымға дейін жететін JAC брендін Кәрім Мәсімовтің өзі тізгіндеп, сынақтан өткізіп көрді.

Андрей Лаврентьев, «Allur Group» директорлар кеңесінің төрағасы:

Біздің  ендігі мақсатымыз - көліктің  кем дегенде 10-15 минут аралығында қуат алуына қол жеткізу. Ал екінші меже - электрокөліктерді қол жетімді бағамен сату. Өйткені бұл көліктердің қазіргі  құны шамамен 20 мың АҚШ долларын құрайды. Алдағы уақытта осы бағыттағы индустрияны дамыту арқылы көліктердің бағасын жанармаймен жүретін көліктердің құнымен теңестіруді көздеп отырмыз.

Сапар барысында үкімет басшысы «Азаматтарға арналған үкімет» тақырыбы аясында жиын өткізіп, мемлекеттік қызмет көрсету саласын ілгері дамытуды талқылады. Үстіміздегі жылдың сәуір айында құрылған мемлекеттік корпорация аз ғана уақытта қыруар жұмыс атқарған. Дегенмен мемлекеттік қызмет көрсету процестерін одан әрі дамытып, осы саладағы заңнанамы жетілдіру қажет. Премьер-министр ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарының мүмкіндіктерін кеңейту керектігін атап өтті.

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:

Әр қадамды нық басып, алға жылжуымыз керек. Нәтижесінде жоғары деңгейлі корпорацияны қалыптастыруымыз қажет. Тіпті оның деңгейі канадалық немесе австриялық жүйемен теңесуі тиіс. 

Заңғар САНАЙ