$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Балаларды азғындық жолға түсірді деген күдікпен 55 азамат анықталды

AstanaTV
22.07.2022ж. 20:00
1515
Балаларды азғындық жолға түсірді деген күдікпен 55 азамат анықталды

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

«Көк кит», «Тыныш үй», «Мені сағат 04:20-да оят» сынды ойындар дүние жүзін дүрліктіргені белгілі. Енді осындай қауіпті ойындардың қазақ тілінде де пайда бола бастағаны жұртшылықты алаңдатып отыр.  

Беркін Бұқарбаев немерелерінің желіде жиі отыратынына наразы. Себебі, «телефон арқылы баланың ойын бұзып, жаман жолға жетелейтіндер көп» – дейді.

Беркін БҰҚАРБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қорқамын Ағымдар көп, қызым. Басқа ағымға кіріп кетіп тағы да, андай бір адамға жақпас қылық қылатын, бір әдепсіздік қылатын сондай топтар көп.

Кибершабуылшылар алдымен жасөспіріммен интернет арқылы танысып, сеніміне кіретін көрінеді. Әлі оң-солын танып үлгермеген жеткіншек желі арқылы танысқан «құрбысына» қалай тез сеніп қалады? Біз зерттеп көрдік. Алдымен «сері» жігіттің атын жамылып 13 пен 15 жас аралығындағы бірнеше қызға хат жаздым. Лезде жауап қайтарғандары болды. Тіпті кейбіреуі тұрғылықты мекен-жайына дейін жайып салды. Көп күттірмей кездесуге шақырдым. «Жоқ» деген жоқ ...

Ғаламтордағы қауіп-қатермен күресте ата-ананың рөлі маңызды. Сондықтан балаларына интернеттегі қауіп туралы айтып, мінезіндегі кез келген өзгерісті бақылауда ұстау керек дейді психолог.  

Жанар АМАНҒАЛИЕВА, ПСИХОЛОГ:

Кейде ата-аналар баласының бойынан жағымсыз өзгерісті байқаса, бірден ұрсып, кінәлап шығады. Олай жасауға болмайды. Сіз -ата-анасыз. Әуелі өз балаңыздың неге бұлай өзгергенін зерттеңіз. Бұл кибербуллинг деген баланың психикасына ғана емес, денсаулығына да көп зардап алып келеді.
 
Соңғы жылдары елімізде киберқылмыс 10 есе өскен. Былтыр 100-ден астам жасөспірім әлеуметтік желінің әсерінен өз-өзіне қол жұмсапты. Ал, биыл 8000-нан астам қазақстандық қибербуллингтің құрбаны болған.

ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ КОМИТЕТІ:

Елордада жыл басынан бері 77 тұрғын интернет алаяқтардың әсерінен өз-өзіне қол жұмсаған. Сондай-ақ жас балаларды азғындық жолға түсірді деген күдікпен 55 азамат анықталды. Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартқаны үшін 4 күдікті ұсталды.
 
Интернетті уыста ұстап, күмәнді сайтты бірден бұғаттау мүмкін емес. Бірақ балаларды бөтеннің қорлығынан сақтау шараларын қолға алатын кез келді - дейді қоғам белсенділері.

Гүлнар ОМАРОВА, АТА-АНАЛАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒА КЕҢЕСШІСІ:

Балаға дос болу керек. Және де баланың жақындарын, достарын тани білу керек. Мына интернет достарына дейін білу керек. Өйткені, заман талабына сай біз балаларға интернетке отырма деп айта алмаймыз.

Жеткіншектердің  бос уақытын тиімді ұйымдастыру керек.  Пайдалы үйірмелер мен спорт сек­цияларына қатысып, бо­йын­дағы талантын ұш­таған жөн. Сонда бала  кибербуллингке тап болмайды дейді мамандар.  

А. Задабек